Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

2009

2009

Жұмабаев Мағжан Бекенұлы – қазақ әдебиетінің көгіндегі ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында 1893 жылымаусымның 25-сі күні туған. Ақын 1938 жылы наурыздың 19-да тоталитаризмнің құрбаны болды.

Сол кездегі дәстүр бойынша ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әулетті әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішов медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрежелі білім беретін бұл медреседе бес жылдай оқып, Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һаям, Низами, Науаи дастандарын оқып үйренеді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын, хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910–1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде оқиды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С. Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б. Майлинмен танысады. Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазақ қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады. 1913–1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады.

Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болады. Осы жылы сәуірде Ақмола облыстық қазақ комитеті құрамына сайланады. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман сьезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ сьезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттықа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ сьезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918–1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919–1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарды. 1923–1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шыңыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылықазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды.Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлеңін жазды. Ол “Тілші”газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсандағысанында Сәбит Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Мағжан Жұмабаев қатаң сынға алынды. М.Жұмабаев 1927–1929 жылдарыБурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарды. 1929 жылыМағжан Жұмабаев “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілді. 1936 жылыМ. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда М.Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. “Халық жауы” деп қайта сотталып, 1938 жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.

Мағжанның табиғат лирикасы

Бұл тақырыпта біршама ғалымдар пікір білдірді. М. Базарбаев Мағжанның «Жазғы жолда», «Қысқы жолда», «Жел», «Айға» өлеңдеріне тоқталып, былай дейді. «Ақын тау туралы толғансын, не дарқан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді» [1, 15 б.].

Рымғали Нұрғали «Әуезов және алаш» кітабында:

«Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы, халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік тереңсарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады», – деп, «Толқын» өлеңіне тоқталады [2, 98 б.].

М. Әлімбаев «Толқыннан толқын туады» кітабында «Еділде» деген өлеңнің көркемдігін саралай келе: «Жұмабайұлы Мағжанның мектеп оқулықтарына бүгін де өзі сұранып тұрған өлеңдері аз емес. Өйткені уақыт озғанымен, өлең тозбаған. Бұл әсіресе табиғат жайындағы туындыларына тән!», – деп, «Жаз келеді», «Жазғытұрым» өлеңдерін атайды.

Ал Бақыткамал Қанарбаева «Жырымен жұртын оятқан»  атты Мағжан туралы  монографиясында табиғат лирикасына қысқаша түйіндеу жасай кетеді. «Гете тәрізді Мағжан да табиғатқа жан бітіріп жырлайды. Оны «Күзді күні» өлеңіндегі табиғатты адам тәрізді жылатып, сыбырластырып сырластыруынан, «Сең» өлеңіндегі сары аяз бен қардың ғашық жардай қыс кезінде құшақтасып бірге жүргенімен, көктем шығып жер ери бастағанда күннің қызуына шыдай алмай еріп кетуін жанды суреттеуінен білеміз. «Жиіленді қара орман» өлеңінде аппақ қар жамылып жатқан орманды түс көріп жатқан адамға балауы да осы ойымызды нығыздай түседі. Аймауытов айтқандай, қазақ әдебиетінде табиғатқа жан бітіріп суреттеуде Мағжанға жетер ақынның жоғы рас» [3, 41 б.].

Қуандық Мәшһүр-Жүсіп «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік»монографиясында Мағжанның табиғат лирикасы туралы былай дейді: «Табиғатты бейнелегенде де, белгілі бір алқаптың нақты бір көрінісін алудан безіну, – яғни солкездегі қазақ даласының, өзен-көлі, теңізінің көшірмесін жасаумен шектелмеу, қайта сол арқылы сездірілген жұмбағы мол лирикалық қаһарман жан дүниесін әспеттеу талабы жүзеге асады», – деп, мұның дәлелі ретінде «Толқын» өлеңіне талдау жасайды, Табиғатты әрі айрықша, әрі шартты қалыпта алып бейнелеу романтизмнің бір ерекшелігі десек, соның бір көрінісі –Мағжанның «Жиіленді қара орман» өлеңі» [4, 194 б.].

Мағжан мен Абай табиғат лирикаларының қаншалықты алшақтағанын сараласақ, М.Әуезовтің мына пікірінен аңғарамыз: «Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ дәл таудың таулық, шындық қалпын суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспалдарға бейімдеп көрсететін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді.

Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классик реалист стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзгешелігі – әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық күйлерін, сол орыс поэзиясындағы дәлшілдік негізге құрады [5, 105 б.].

Мағжан кезінде Абайдан соңғы күшті ақын саналды. 1918 ж. «Абай» журналының № 5 санындағы Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтың «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында былай баға берілген: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт әм Ахмет Мәметовтыкі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін, нәрсемен жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар».

Мағжан өлеңдерінде қасірет те, реализм де бар. Қай тақырыптағы өлеңдерін алсақ та, ешкімге ұқсамас ерекшелігін көреміз. Мысалы, «Жазғы жолда»:

 

Дала. Дала. Сар дала!

Жапан түзде бір қара.

Келем жалғыз, жаяумын.

Жаныма ерген жолдас жоқ.

Төрт жағым дала – жер де көк.

Жылауға да таяумын.

 

Шілде. Оттай ыстық күн.

Дала -өлік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып.

Жол жыландай иірілед,

Шаң ерініп, үйірілед.

Ешбір леп жоқ, тып-тыныш.

 

Көкте жалғыз бұлт жоқ.

Көктің түсі қызғылт көк.

Дүниені тылсым билеген.

Ыңыранғандай әлдекім,

Жылай ма екен әлде жын?

Перілер ме екен күйлеген?

Жел жыландай иірілед,

Шаң ерініп үйірілед.

Ешбір леп жоқ, тып-тымық,

Аңсап есім жия алмай

Өлсем екен тұншығып!

 

Бұл өлеңінде романтизм бар. Өз сезімі арқылы, жан дүниесімен байланыстырып табиғатты суреттейді. Шыжыған шілдеде даладағы жалғыз жолаушы сағым арасында есінен адасып келе жатқандай. Сағым оған біресе пері, жын, біресе қалың әскер боп көрінеді. Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңі нақты өмірді сипаттайды. Әдемі жаз бен көшті бірыңғай жеңіл ырғаққа түсіріп, бірыңғай әдемі бояумен суреттейді. Ал Мағжан өлеңінде тылсым дүние қоршауындағы лирикалық кейіпкердің аласұруы асқақ түрде беріледі. «Қысқы жол» өлеңінде:

 

Ызғарлы жел долданып,

Екі иінінен дем алып,

Ішін тартып осқырып,

Кейде қатты ысқырып,

Аңдай ұлып бір мезгіл,

Екі санын шапақтап,

Біресе сақ-сақ күледі.

 

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап.

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді.

Сүйіп ақырын құшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді.

 

Бұл – қысқы боранның суреті. Мұнда да лирикалық кейіпкер қысқы түнде жалғыз өзі жолаушылап келе жатады.

 

Барады үдеп бұл боран

Жанымда жоқ тірі жан.

Тоңазыды денем де.

Адаспай дұрыс келем бе?

Қорқып жүрек ойнайды,

Көз алдыма елестеп,

Әлде нелер келеді.

Боранын тәңір ашпады,

Жол білінбей бастады.

Көрінген бір жарық жоқ,

Босаңсиды Қаракөк…

Сар далада адасып,

Суық кебін жамылып

Қаларын кім біледі?-

 

деп күдікпен аяқтайды. Бұл өлең де жоғарыдағы «Жазғы жолда» өлеңіне ұқсас. Екеуінде де жалғыз жолаушы табиғатпен алысып, өліммен де арпалысқандай. Абайдың табиғат лирикасында лирикалық кейіпкерлер бірнешеу, көпшілік болса,Мағжанда жалғыз «мен». Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының бір ерекшелігі. Осы екі өлең туралы Ш. Елеукенов «Жаңа жолдан» (1989) кітабында былай деп еді: «Мағжан Жұмабаев нақтылы өмірден әлдебір мистикалық, сиқырлы дүниеге ауытқуға әуестенеді. Одан бірде өзі қорықса, бірде жайнап тұрған табиғаттың арасында тұрып, жын-пері іздеп, солармен сұхбаттасқысы келеді, осының бәрі кенет «өлсем екен тұншығып» деген тілекпен бітеді» [6, 58 б.].

Ал Әуезов керісінше, Абайды сүйетінін айта келіп, «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы аулында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп сезгендей боламын» – дейді. [7, 407 б.].

«Қысқы жолда» боран бейнесі кейіптеу арқылы жасалған, Абай дәстүрін жалғастыра отырып, өз ерекшелігін танытады. Боран бірнеше қимылда беріледі. Әуелі ол ызғарлы, екі иінінен дем алып, ішін тартып осқырады, кейде қатты ысқырады, одан соң, аңдай ұлиды, біресе екі санын шапақтап кенет сақ-сақ күледі. Жалғыз жолаушыға күлгендей. Сонан соң баяулап, аузы-басы жыбырлап, өпік секілді кебін жамылған жердің иманын үйіріп, «Әпсүн» оқиды. Желдің ақырын ұйтқи соғып, қарды әлсін-әлсін үрлеуі молданың «Әпсүн» оқығанына ұқсайтынын ақын шеберлікпен көз алдымызға елестетеді. Демек, жолаушы мерт бола қалса, оған да боран «Әпсүн» оқиды дегенді байқатады. Қарды кебінмен алмастырып, жерді өлген адамға ұқсатады. Бұл да – Мағжанның жаңалығы. Лирикалық қаһарман сезімі де боранмен бірге өзгеріп отырады, жүрегі қорқып ойнайды, әлденелер елестейді.

«Жазғытұрым» өлеңі де кейіптеу тәсілімен ойнақы жазылған. Абайдың «Жазғытұры өлеңінде» күн – күйеу, жер қалыңдық боп алынса, Мағжан күнді – ана, жерді бала етіп басқа қырынан келеді. Абай әуелі көктемді суреттеп алып, кейін күн мен жерге көшеді. Ал Мағжан бірден Күннен бастайды.

М.Әуезов: «Күнді – күйеу, жерді – қалыңдық етіп, осындай образбен теңеу мәдениетті әдебиетінің үлгі дәстүрінен ескіріп қалған, мифтік теңеу болады», – дейді [5, 155 б.].

 

«Болды, міне, дәл алты ай,

Жаттың ұйықтап, еркетай

Ұйқың қанды, тұр қозым,

Аш көзіңді, жұлдызым!»

Деп маңдайдан ақырын.

Жұмсақ жылы сәулемен.

Сипап жерді Күн күлер.

Аяқтарын көсіліп,

Еркеленіп, есінеп.

Жер – нәресте жас бала.

Жаңа оянып жатқанда

Жұмсақ, ыстық бетінен

Тәтті ғана сүйсем деп,

Күбірлеп жылы жер жүрер.

Дамыл алмай жылар қар,

Ақ шымылдық ашылар.

Сылқ-сылқ күліп сылдырлап,

Бірдеңе деп былдырлап,

Көрінгеннен сүйінші

Сұрайтын жас баладай,

Асығып сулар жүгірер.

Керіліп ерке жер тұрар,

Мөлдір сумен жуынар,

Үлде менен бүлдеге,

Түрлі түсті гүлдерге,

Ши жібекке оранып,

Қарағанда көз тоймас,

Бүлдіршіндей киінер.

Көріп сұлу баласын,

Көз ішінде қарасын,

Қуанып, тасып жүрегі.

Қысып ыстық сүйеді.

Ұзын күнде ару жоқ,

Періштем деп айналып,

Алтын ана Күн жүрер.

Мұны көріп бұлттар,

Күңіреніп етер зар:

«Біздерде алтын ана жоқ,

Тұрақ та жоқ белгілі» –

Деп тұнжырап күрсініп,

Әлсін-әлсін жас төгер.

 

Ақын мұнда ана мен бала арасындағы махаббатты тұтас табиғатқа ауыстырған.Негізі Жер-Ана деген ұғым  ақын-жазушыларда көп қолданылады. Ш. Айтматовтың«Ана – Жер-Ана» повесін мысалға келтіруге болады. Мағжан болса, нақты тақырыбына қарай, көктемнің шығуы Күнге байланысты болғандықтан, өмірде де анасыз бала тумайдындықтан Жерді – бала, Күнді – ана етіп алған. Атаулары Күн, Жер болғанымен, әрекеттері кәдімгі ана мейірімін, бала еркелігін сипаттап отырған секілді. Күн – Ана әуелі ұйықтап жатқан жер  – нәрестесін «қозым», «жұлдызым» деп еркелетіп, жылы сәулесімен сипап оятып алады. Жер – бала аяқтарын көсіліп, есінеп, еркелеп жатқанда жел де оны сүйгісі келеді.

Бұларға қарама-қарсы қар жылайды, ериді деп алмаған, себебі бастан-аяқ бәрі адам кейпінде болу керек.Сулардың аққанын сүйінші сұрап жүгірген жас баладай деп, ұлттық өрнек береді. Төртінші шумақта жер керіледі. Ақын адамның ұйқыдан тұрғаннан кейінгі қимылдарының реттілігін сақтаған. Шынында, адам әуелі көсіліп, есінеп, кейін керіледі. Содан соң жуынып, киінеді. Мұндағы жердің жуынуы – қардың еруі, киінуі – түрлі гүлдерге оралуы. Ең соңында осыларға қызығып, бізде ана да, тұрақты жер де жоқ деп бұлттар жылап алады. Бұлттың жас төгуі – жаңбырдың жаууы. Ақын өлең шартына қарай әрқайсысын бір-бір рөлге салып, әрі көктемдегі заңды құбылысты сақтаған: күн жылынады, қар ериді, жер көгеріп, гүлдейді, жаңбыр жауады. Өлең құрылысы жинақы, ықшам.

«Жаз келеді» өлеңінде шыншылдық пен кейіптеу аралас келтірілген. Үзінді келтірелік:

 

Төл үйдегі үйшікті

Таста бала белді бу.

Белден батып күртікке

Енді ізде қызыл су.

Қара көз таста кестеңді,

Үйде отырып қуарма!

Тысқа шығып-кіргенде

Екі беті – екі алма.

Дертің болса жүректе,

Төкпе жасың, аһ ұрма.

Жеткізер анық тілекке,

Шық та жазға сыбырла.

Күн батқан соң қатқақ боп

Қуанғанда ессіз қар,

«Жаз келеді, жаз,жаз!» – деп,

Жымыңдайды жұлдыздар.

 

Бұл өлеңге адам сезімін, қыс бойы дертті боп үйде отырған қара көз бейнесін қосады. Дертің болса, оған дауа жаз келді дейді.

«Сең» өлеңінде табиғатқа тағы да ғашықтық, тастап кету, соған ызалану секілді сезімдерді береді

 

Сары аяз – сүйген жар

Қайрылмай кеткен соң,

Қайратсыз қалың қар

Жылаумен біткен соң,

Жел сипап, күн күліп,

Мазақ қып сүйген соң,

Боларын бір сұмдық

Ішінен түйген соң.

Қалың мұз кәрленіп,

Қара көк түс алды.

Еруге арланып,

Кетпекке ойланды.

Бұзыла – жарыла

Антұрған аптықты.

Өзеннің жарына

Асығып соқтықты.

Өткен соң жаз алты ай,

Ашуын жимақшы,

Өзенді еркетай

Ойыннан тыймақшы.

Барады шамасы

Суыққа қашпақшы.

Мұз теңіз – анасы

Құшағын ашпақшы.

Қалың мұз қара көк,

Ойлама құр бекер

Суыққа жетем деп,

Ыстық күн ерітер.

 

Мұнда сары аяз сүйген жар қарамай кеткен соң қалың қар жылаумен жоқ болды, ал қалың мұз жел мен күн мазақ қылған соң, кәрленіп, қара көк түске енеді, бір сұмдықтың боларын ішінен түйіп, кетуге ойланады, анасы – мұз теңізге жетпекші. Мұндағы бейнелер: сары аяз, қалың қар, жел, күн, қалың мұз, мұз теңіз, ерке өзен. Ақын оған суыққа жете алмайсың, ыстық күн ерітеді деп, өзі де өлеңге сегізінші бейне боп қосылады.

Көп уақыт жатқан мұздың қара көк түске айналатыны белгілі. Ақын осыны мұздың кәрленуімен байланыстырып, адамдардың да ашуланғанда түтігіп, көгеріп кететінін есімізге түсіреді. Суреткер табиғи көріністен адам кейпін дәл байқаған, әрі өлеңдегі мұздың рөліне де бұл сипаттау.тура келіп тұр.

Жоғарыдағы «Жазғы жолда», «Қысқы жолда» өлеңдерінде лирикалық кейіпкер біреу ғана болатын. Ал «Жазғытұрым»,«Сең» өлеңдерінде кейіпкерлер бірнешеу болып, табиғаттағы тұрақты болып тұратын құбылыстар мен адамдар арасында болып жататын әртүрлі әрекеттер, сезімдер, қарым-қатынастар ұқсастығына қарай бір-бірімен қабысып жатады. Мысалы, «Сең» өлеңіндегі табиғат құбылысы адамдарда болатын махаббаттағы тұрақсыздықты, алданып қалуды көрсетеді. Мағжанның табиғатындағы кейіптеу көбінесе адамдар сезіміне, махаббатқа арналады. Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының екінші бір ерекшелігі. «Толқын» өлеңінде толқындар жар кейпінде бейнеленеді:

 

Толқынға толқын еркелеп

Меруерт көбікке оранып

Жыландай жүзге бұралып

Жарға жетер ентелеп.

Күміс кәусар суымен

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.

Мөлдіретіп көз жасын

Жасымен жуып жартасын

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Сылдыр-сылдыр, сылдырлап

Бірінің сырын бірі ұрлап

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді.

Береді де өледі.

Өледі толқын – тынады.

 

Мұндағы жартас – толқындардың жары. Ақын кәдімгі күнде болып жататын табиғаттың заңды құбылысының өзінен адам тіршілігін, адамға тән әр түрлі қарым-қатынасты көре білген. Ақын қиялының соншалықты байлығына, нағыз суреткерлігіне тәнті боламыз.Орыс ақыны Бальмонттың «Белый пожар» атты өлеңі де толқынды сипаттайды:

 

Я стою на прибрежье, в пожаре прибоя,

И волна, проблистав белизной в вышине,

Точно конь, распаленный от бега и боя,

В напряженье предсмертном домчалась ко мне.

 

И за нею другие, как белые кони,

Разметав свои гривы, несутся, бегут,

Замирают от ужаса дикой погони,

И себя торопливостью жадною жгут.

 

Опрокинулись, вспыхнули, вправо и влево, –

И, пред смертью вздохнув и блеснувши полней,

На песке умирают в дрожании гнева

Языки обессиленных белых огней. (1901)

 

Бальмонт толқынды шауып келе жатқан ақ аттарға, ақ жалынға ұқсатады.Ол да толқынның соңында жоқ болуын «өледі» деген сөзбен береді. Бальмонттың лирикалық кейіпкері үшін жай ат емес, соғыстан келе жатқан ақ ат, ақ жалын маңызды. Толқынның түсі ақ болатындықтан, оның аты мен жалынының да түстері ақ. Бальмонт басқа өлеңдерінде отты ең әдемі құбылыс деп санайды. Толқын мен жалынның қимылдары бір-біріне ұқсас болғандықтан да ақ жалын деген метафораны қолданған.

«Батқан күн, атқан таңның жыры» өлеңі азамат лирикасына жатса да, мұндағы табиғат көрінісі де жоғарыдағы ойымызды нақтылай түседі:

 

Алтын күн батып барады

Алтын күн ақырын өледі.

Сұр бұлттар – сорлы жар,

Қан жылап күнді көмеді.

Күн өлді. Көк күңіренді.

Жер жамылды қарасын…

 Жер жарынан айрылып,

Жамылды қара басына…

 

Бұл өлеңнен де жар бейнесіндегі бұлт пен жерді көреміз. Жай ғана кейіптей салмайды. Күнде қайталанатын күннің батуын, қараңғылық түсуін, күн батып бара жатқандағы бұлттардың қызыл шапаққа бөленуін тұтас, бір-бірімен байланысты әрекет етіп бейнелеген. Былай қарағанда, күннің батуы мен содан кейінгі болатын өзгерістер жарынан айрылып, қара жамылған адам әрекетінен аумайды.

Қорыта айтқанда Мағжанның табиғат лирикасы ақынның стилін айғақтай түседі. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы аңғарылады. Табиғат жұмбағы мол тылсым дүние болса, Мағжанның табиғат лирикасы да сол табиғаттың өзі секілді. Бұл салада қазақ әдебиетіне Мағжанның  жаңалық қосқаны даусыз.

 

1.2 «Батыр Баян» поэмасы

Мағжан өмір сүрген кездегі қазақ әдебиеті айтысты-тартысты болды. Соған орай ақын шығармалары әр түрлі бағаланып жатты. Ташкентте оның «Батыр Баян» поэмасына бірінші болып Жүсіпбек Аймауытов пікір білдірді. Ол Ташкентте оқып жүрген қазақ жастары үшін Мағжан және оның жаңа поэмасы туралы кең көлемді баяндама жасады. Кейін оны мақала қылып бастырды. Мұнда Жүсіпбек ақын шығармаларын жан-жақты талдап, ғылыми түсінік берді. Ол белгілі орыс әдебиетшісі, мемлекет қайраткері А. В. Луначарскийдің мына пікірін әдейі келтірген: «Нағыз сырлы әдебиет бар, мәселен Лермонтовты, Шекспирді алайық. Олар белгілі бір үгіт айтқан ба? Таптың жырын жырлаған ба? Жоқ, оларға сырлы,көркем сөз шығару, айқын перне түсіру мақсұт болған. Олар бір әдемі суретті, болмаса адамда болатын бір сезімді, болмаса белгілі адамдардың жанында болған тартысты алады да, қиялына келген нәрсені суреттейді» [7,

365 б.].

Жүсіпбектің мұны айтып отырған себебі: төңкерістің алғашқы жылдарында Мағжан Қызылжардан қуылды. Өйткені оның өлеңдері Кеңес өкіметінің талап-тілегіне қайшы келді, ақын түрікшіл деп бағаланды.Жүсіпбек жоғарыдағы Луначарский пікірін арнаулы мақсатта пайдаланып, жаңа өкіметтің, оның саясатын насихаттаушы марксшіл большевиктердің ақынға деген көзқарасы да осындай деп түйіндейді. Демек, сыншы Мағжан неге бір таптың жыршысы болу керек, ол неге ой мен өнер еркіндігі үшін қудалануы керек деген сұрақ туындатып отыр.

Луначарскийден дәйектеме келтіре отырып, өз ғылыми тұжырымын өткізуге тырысады. Лениннің 1905 жылғы «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген еңбегінде көрсетілген: «Әдебиет ісі – жалпы пролетарлық істің бір бөлшегі, барлық жұмысшы табының саналы алдыңғы тобын, бір тұтас, ұлы социал-демократиялық механизмін қозғалысқа келтіретін «доңғалақша мен кішкене бұранда» дегеніне қарсы шығады.

Анығын айту керек, қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында әдебиет туралы осы лениндік ілімді жоққа шығарған жалғыз ғана Жүсіпбек Аймауытов болды. Оның бұл батыл теріске шығаруын қолдаушы табылмады. Керісінше, күні кешеге дейін әдебиетші ғалымдардың бәрі «әдебиеттің таптығы», «әдебиеттің партиялығы» деген лениндік жалған қисынды алаңсыз қабылдады. Сөйтіп, әр партияның өз әдебиеті болады, әр таптың өз әдебиеті бар дегенге өздері де сенді, өзгелерді де сендіруге әрекеттенді.

Жоғарыда аталған мақаласында сыншы:

 

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,

Асығып екі жастың қанын ішті, –

 

деп суреттейді Мағжан.«Мұндай суреттер толып жатыр. Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілдік жөнінде Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінеді. Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге – бише, батырға – батырша, ханға ханшабаға беріп, әрқайсысының аузына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі өмірді түйе білгендігін көрсетеді. «Баян» – қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс [7, 394 б.]».

А. Луначарский көрсеткендей, орыс әдебиеті Лермонтовымен, ағылшын әдебиеті Шекспирімен мақтанса, қазақ әдебиеті өзінің Мағжанымен мақтануға әбден құқылы.

Мағжан ақындығын және оның «Батыр Баянын» қуана қабылдаушының бірі Ахмет Байтұрсынов болды. Ол «Әдебиет танытқышында (1926) Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алды, оларды ақындық өнердің үлгі-өнегесі ретінде талдады.

Башқұрт ақыны Сайфи Құдаш 1968 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан «Жастық шақ ізімен» атты кітабында әлі тұтқында жатқан Мағжан есімін қорықпай атады, ол туралы қазақтардың әлі өздері айтпаған жылы лебіз білдірді.

Әдебиетке жиі араласып жүретін қоғам қайраткері Ы.Мұстанбаев ұлтшыл атанғандарды жақтай отырып, Абай, Мағжан, Жүсіпбектерді үлгі тұтады. «Біздің жас жазушыларымызға, кедейшіл ақындарға айтарымыз – жалпы саяси тілек бөлек. Бірақ «Батыр Баян», «Қартқожаны» оқы! Үлгі ал!», – деп жазады [8, 179 б.].

Ғаббас Тоғжанов әдебиетке таптық тұрғыдан қараса да, 1928 жылғы 6 мамырдаМәскеудегі әдеби айтыста былай дейді: «…мен әлі де айтам – Мағжан көркемдік жағынан артық. Сондай көркемдікті біздің жалпы жазушыларымыз да үйренуі керек. Мағжаннан үйренуге несіне арланады» [8, 180 б.].

Ал С. Сейфуллин «Жыл құсы» журналының 1928 жылғы 2-санында «Жұмабайұлы Мағжанның пролетариат бағытына қарсы өлеңдерін, арам, жұмбақ, шүбәлі, тіпті көркемдігі жоқ ертектерін де дәріптеп басып шығарып жүрмеді ме», – дейді [8, 183 б.].

1924 жылдың басында Орынборда әдеби «сот» өтеді. Басты айыптаушы – С.Мұқанов, қорғаушы – Жәкен Сәрсембин. Мұнда «Мағжан – Совет өкіметінің жауы, оның шығармалары оқытылмасын, жарияланбасын» деген қаулы алынады.

Сол жылдың қараша айында Мәскеуде Мағжан шығармалары бойынша әдеби айтыс өтеді. Айтыста екі түрлі пікір жарысы туады. Бірінші топ «Мағжанның саяси қатесі болғанымен, ол – үлкен ақын» деді, екінші топ «Мағжанды буржуазияшыл – ұлтшыл, бізге жат ақын» деді. Соңғы пікір бойынша қаулы алынады [8, 177 б.].

1930 жылы Мәскеудегі «Әдеби энциклопедияда» Әбдірахман Байділдин Мағжанды әдеби тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан айыптай келе былай дейді: «Ақынның саяси бағыты «Шығыс», «Тәңірі», «Бостандық», «От», «Жаралы жан», «Жолдасқа» деген өлеңдері мен «Ертегі», «Батыр Баян», «Қорқыт», т.б. поэмаларында айқын көрінген. Мұнда Жұмабаев қазақ халқының өткен күнін, ескі тұрмысын үлгі тұтады, Шығысты идеал көріп, Батысқа қарсы қояды» [8, 185 б.].

Төңкерісшіл ағаларының ықпалында болған Ә.Тәжібаев:

 

Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,

Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.

Кезбеймін есуас боп ен даланы,

Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.

Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,

Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін, ─

 

деп жазды. Кеңес өкіметі кезінде ақын-жазушылардың бәрі бірдей Ә.Тәжібаев секілді бағытты ұстанған жоқ, Ғ.Мүсірепов секілді дұрыс көзқарасынан айнымағандар да болған. Ғ.Мүсіреповтің күнделігінде Мағжан туралы жазбалар бар.

«Батыр Баян» поэмасының жазылуына байланысты Ш. Елеукенов мынадай орынды пікір айтады: Шоқан жазбаларында Абылай ханның қол жинап, Баяндармен бірге аттанғаны туралы дерек бар. Мүмкін, Мағжан Шоқанның осы жазбасын оқыған болар, Шоқан «Исторические предания о батырах ХҮШ века» деген очерк жазды, солардың деректерін пайдаланған болар деген пікір айтады. Мүмкін. Тарихи очерк атап отырған осы еңбегін Шоқан аңыз деп атаған ғой. Онда қалмақтар ақ киіз үй береміз деп шақырғанда Баян ханның бармағанын қалаған. Хан  тыңдамаған. Шоқан Баян қалмақтарды қуды, жете алмады, кейін қайтқанда жолда әскері де, өзі де қалмақтар улап кеткен судан өлді дейді. Мағжан бұларды шығармашылықпен біраз өзгерте пайдаланған. Тек Шоқанда Ноян деген бала батыр аталмайды. Ондай адам, шындығында, болған емес. Ол – ақынның қоспасы. Дегенмен, мұның түбінде де ақиқат жылты бар. Баянның ағайындарының бірі Сары дегеннің Қыстаубай деген баласы қалмақтың Лағыл деген қызымен қашып кеткенде әкесі қуып жетіп өлтіруге Баянды жұмсайды. Алайда Баян екі жасты өлтірмейді, киімдерін қозы қанына малып алып келеді. Сонда осы аңыздар негізінде Ноян Мағжан қиялынан туған.

Ақын Баян өлімін де басқаша алған. Өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған. Олай етпегенде «Батыр Баян» көркем шығарма болмас еді. Қалай дегенде де аңыз-әңгімелер поэмаға жанама өзек болған. Ақынға  Ш. Елеукенов жазған Шоқан жадығаттары ел аңызы бойынша да белгілі болуы мүмкін.

Поэманың басты қаһарманы – Баян батыр, ішкі дүниесі түгел ашылып, күрес-тартысы кең көрінетін романтикалық бейне. Абылай ханның өз сипаттауынша да Баян тегін батыр емес.

 

Көп жаудың албастысы, ел еркесі,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Баянның әруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян.

Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат

Баянсыз қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,

Келмесе қандыбалақ батыр Баян!

 

Басқа батырларды санамалай келе, ақын Баянды даралап, ерекше, өршіл, ауыспалы мағыналы «албасты», «ел еркесі», «наркескен», «қайтпас болат», «қандыбалақ» сияқты сөздермен бейнелейді. Жорыққа шығу үшін де Баян керек, қалмақтарды қояндай бұқтыру үшін де Баян керек, Абылайдың хандық қаһары үшін де Баян керек. Осыдан келіп Баян – поэманың басты тірегі, оқиға иесі болады.

Баян басын жеке көрсетуде ақын өз атынан емес, хан атынан сөйлейді. Баянды бағалаушы, батырлығын дәріптеуші – Абылай хан. Абылай сөзі – халық сөзі. Оған ден қойсақ, Баян басында, Абай айтқан, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – түгел бар.

Мағжан поэманың құрылымына лайықтап, Баянның батырлығын сипаттап алады, сонан соң оқиға желісін біртіндеп өрбіту арқылы батырдың ішкі дүниесін көрсетуге ауысады. Тіпті батырдың туған жерін, өскен ортасын, руы мен тегін де таныстырып өтеді.

Баян көп жорықтың бірінде қалмақ сұлуын олжалап алып келеді.

 

Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан,

Еліне сол сұлуды естен танбай!

 

Қыз, шынында да, көз тоқтата қараған жанды естен тандырарлықтай әрі ақылды, әрі сұлу болуы керек. Оны тегін қыз деп ешкім айта алмас. Бірақ Баян тек батыр емес, ақылды батыр, жүрек сезімін тізгіндей біледі, бірден қыз құрығына түспейді. Шыдам мен сырды бұғаулай отырып, қызға қарындасынша қарайды. Алайда ол батырды билеп кете алмайды. Осылайша Баянның жан дүниесі, сезім әрекеті бірте-бірте ашыла түседі.

Ауыл ақсақалдарының бір сұм іс болып қалды деп естіртуі Баян намысын қоздырады. Інісі Ноянның қалмақ қызымен кетіп қалғанын естігендегі батырдың күй-жайы былайша баяндалған:

 

Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,

Жаралы жолбарыстай күңіренді.

Қорғасын миын, ойын төмен басып,

Ақылға алғыр құстай ашу төнді.

Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,

Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.

Ақырда ашу ерді билеп кетіп,

Жалп етіп, сөнген шамдай ақыл өлді.

Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,

Боз үйден оқ жыландай шыға келді.

 

Жан күйзелтердей жағымсыз хабар батырға жайсыз тиеді. Бір мезет батырды ашу билеп кетеді. Бұл тұсты «ақыл өлді» деген кейіптеумен түсіндіреді. Ашу үстіндеажары от шашқан көріністі «сұм жүрек қанды өзіне жинай берді» деп баяндайды. Ақын сұмдықтың бәрін «сұм жүректен» көріп, өзі қалаған қаһарманына араша болады. «Сұм жүрек» – эпитеттік тіркес. Негізгі мағынасы – жаманатты сезу. Батырдың басына түскен сын сағаты жүрек тебіренісіне байланысты. Осы жердебатыр басында өкініш те, қызғаныш та, өзімшілдік те бар. Оның қызға дегенғашықтық сезімі бұрын сыртына теппеген еді, енді інісінің жау қызы үшін туған ағаға опасыздық етуі, елін, жерін тастай қашуы өзгеше күйге салады. Махаббатын, ғашықтық отын үрлейді, жауға наразы ыза-кегін өршітеді. Қызды аярға, інісін жауға балайды.

 

Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,

Сұңқардай сорғалаған келді Баян.

Қыз түгілі қаны бірге өз бауырын

Танымай қалғандай да болды Баян.

 

Ғажап психологизм! Барлық дүние бірінші тармақта безбенге түскен. Өз бауырын танымас адам болмас. Батырдың ішкі жан-дүниесі қопарыла қозғалып, қызғаныш сезімі өн денесін оттай шарпығанда ғана көзі қарайып, тынысы тарылады; буыны босап, белгісіз, қауіпті қаракеттер құлына айналады. Жоғарыдағы шумақ – сондай сәттің куәсі. Осы екпінмен інісі мен қызды өлтіріп жібереді.

Ашу белең алғанда ақыл кейін келеді. Есін жиған соң барып, Баян екі жасты құшақтап, өкініш жасына булығады. Кезеп ашу тарап кетіп, қорқақ ақыл: «Мұның не?» – деп, шыға келеді. Батыр өзіне-өзі сот құрады. Ішінде аласапыран басталады, жаны арпалысады. Батыр әуелі өзін аяусыз айыптайды. Бауырмалдық, туыстық сезімі оянады. Жайшылықта Ноянды өлтірмек түгілі оның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деген ниеті қайта оралады. Енді жау қызын неге алып келіп едім деген өкініші жанын жейді. Өйткені барлық оқиғаға, өлімге себепші – сол жау қызы. Батырдың көз алдына артынан қуып жеткен ағасына арсалаңдап күліп еркелегені сурет болып тұрып алады. Бұл жай батырдың өзін-өзі кешірмеуіне, өзін-өзі кінәлауына әкеліп соғады. Ол шіріп қалғыр саусағын да, сұлуға түскен көр болғыр көзін де, сынбай қалған садағын да, кемуді көрмеген күшін де – бәрін де қарғайды. Енді бір сәт: «Інімді алты алаштың намысы үшін өлтірдім бе?» – деген оймен жұбанбақ болады. Сол бойда ол ақылынан қайтып: «Жоқ, бұл оймен тартқан жоқпын садақты, ғашықтықтан, қызғаншақтықтан өлтірдім», – деп, айыбын қалыңдата түседі. Туыстық сезім мен ғашықтық күйік екеуі бірдей батырдың екі иінінен жаншып, ар соты алдында тізе бүктіреді, ар-намысын оятып, ерекше жанкешті күйге салады. Баян ең соңғы тоқтамында жау қолынан өлуді қалайды. Бір емес, екі адамның, ең қымбат адамдардың қанын жүктегендіктен алаш намысы үшін өлтірдім дей алмайды. Шындығында, інісі мен қалмақ қызының соңынан қуа жөнелгенде ол бірден қара басының қамын ойлаған жоқ. Халықты, оның жау алдындағы ары мен абыройын алға тартты. Батыр бойындағы әр түрлі сезім толқын секілді бірін-бірі қуалап, бірінен-бірі балалап, батып-шығып жағаға жеткендей.Ел бетіне қарауға хұқысыз, ханға қадірлі болу амалын тауысқан. Жаумен жағаласып өлуден басқа жол таппады. Сөйтіп, кінәсінен тазармақ.

Баян басындағы осы тайталас хал, ақтық шешім бәрібір оның басқа батырлардыңкөбінен қадірлі, ақылы кемел, ерлігі теңдессіз, жеме-жемде жүрек


Келулердің саны: 4486