Наверх
Версия для слабовидящих

Омырауы Бұқардың қақпасындай – Шөже ақын

«Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей» демекші, қазан айының 5-ші жұлдызы күні Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапханасында ұстаз, еңбек ардагері, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» төсбелгісінің иегері Торғай Ақпанбаеваның 2017 жылы Қарағанды қаласы "Бекнар" баспасынан жарық көрген Арқа өңіріне есімі белгілі болған айтыскер ақын, жыршы Шөже Қаржаубайұлының қалдырған ізгілік іздері мен өмірі жайлы "Суырып салма жезтаңдай айтыскер ақын Шөже Қаржаубайұлының шығармашылығы жайындағы зерттеулер" атты кітаптың тұсаукесері өтті. 
Шөже- XIX ғасырдағы белгілі ақындардың бірі. Оның ақындық өнері әсіресе, айтыстарда көрініп, даңқы бүкіл елге жайылады.Шөже- сонымен бірге эпик ақын. Ол қазақ жырларын көп білген ерекше дарын иесі.
Кешке ардагер ұстаз, «Халық ағарту ісінің үздігі» Жайлау Айтбаев, еңбек ардагері Қайырқұл Сүйіндіков сынды зерделі азаматтар , ардагер журналист С.Ибраевтың ұрпағы Райса Смағұлқызы, Торғай апайдың кітабының шығуына бастамашы болып, басы-қасында жүрген ұстаз, үлкен қызы Жанна Сатмағанбетова қатысты. Кітаптың тұсауын Жайлау Айтбаев пен Жанна Сатмағанбетова кесті. Қонақтар алдында өнер мектебінің ұстазы, дәстүрлі әнші Сәттар Сәрсенқұлов «Арман» әнін әуелетсе, домбырашы, күйші Марғұлан Сейсенбеков қазақтың қара домбырасымен «Ақжауын» күйін күмбірлетті.Сарытерек ауылының жас өрендері мен К.Байсейітова атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары «Шөже мен Балта», «Шөже мен Кемпірбай» арасындағы айтыстан көрініс көрсетіп, Жайлау Айтбаев аталарынан естіген, осы кітапқа арқау болған естеліктер туралы айтып берді. 
Мұнан соң Торғай Ақпанбаева Шөже Қаржаубайұлы туралы толық мағлұмат беріп, кітаптың жалпы мазмұнымен таныстырды.Сонымен қатар, Шөже ақынды қазіргі кезде Қырғыз елі де қызығушылық танытып, іздестіріп жатқанын жеткізді. Шырайлы шарада Гүлім Аскен «Салтанат» күйінен, дәстүрлі жас әнші Әлішер Болатбай «Біздің жақта» әнінен шашу шашты. Әмина Зекен «Мен осындай елде өскенмін» атты жауқазын жырын оқыса, Аружан Тұрсынхан мен Назерке Шапибай «Сарыжайлау» әнімен кештің көркін кіргізді.
Кітапта Шөже Қаржаубайұлы туралы Шәжен Ақпанбаев,Қасымхан Қаленов, Асқар Сейдахметов, Мина Кәдірбаева, Жайлау Айтбаев, Беркін Сламбеков,Тұңғышбай Мұқан,Рашид Каренов,Қасым Орынбетов,Сәду Ықыласбеков,Файзулла Нұржанов т.б. ел азаматтарының зерттеуі мен жарық көрген мақалалары, естеліктері енгізілген.Кітап екі бөлімнен тұрады.Бірінші бөлім Шөже Қаржаубайұлының өмір жолы мен шығармашылығы, толғаулары, Шөженің орындауындағы «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жыры, әндері мен нақыл сөздері. Екінші бөлімде ел ішіндегі жеке адамдар пікірі, баспасөз беттеріндегі ойлар, Ақтоғай өңіріндегі ақындар, «Айтыс өнері» бағдарламасы атты тараулар енген. Бізге жеткен деректер бойынша Шөже Қаржаубайұлының қай жылы туып, қайтқаны белгісіз. Тек өз уақытында ел ішінде айтыскер ақын ретінде танылған. Қазақтың белгілі дүлділдері Біржан сал,Орынбай, Аққалай, Тезекбай, Шортанбай т.б. айтыскер ақындармен айтысып бірінен де жеңіліп көрмеген ақын. Ақындар Шөжені жеңе алмасын білгесін көбіне соқырлығы мен тегіне тиіскен. Жыр сүлейі Жамбыл Жабаев Шөже Қаржаубайұлын Сүйінбайдан кейінгі екінші ұстазым деп білген екен. 
Тұсаукесер ұстаз бен шақырылған қонақтар арасындағы сұрақ-жауапқа ұштасты. Ұстаз Торғай Ақпанбаева өзінің шығармашылығы жайлы қонақтармен ой бөлісіп, болашақтағы шығармашылық жоспары туралы әңгіме өрбітті және әдебиетке жақын жауқазын жандардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Өзінің жаңа туындысын кітапханаға тапсырды. 
Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапхананың басшысы Зәмзәгүл Сәтекова сөз алып, Сарытерек орта мектебінің ұстаздары Зәмзәгүл Әменова мен Пальмира Ермековаға шараға қосқан үлестері үшін алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады. 

Жандос Мағзұмұлы


Количество посещений: 4543