Наверх
Версия для слабовидящих

ӨМІРІ МЕН ТАҒДЫРЫ ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН - СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

2017 жыл – Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін ерекше кезең. Өйткені үстіміздегі жылы біздер М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл, Алаш ұлттық территориялық автономиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл толғанына орай ұйымдастырылатын салтанатты мерекелердің, Астанада өткізілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің куәгері болмақпыз.

 

Ерекшеліктердің бірі бір мезгілде бүкіл ел болып бір кітапты оқып-талқылау болып табылатын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының кезекті кезеңін өткізу, бұл шара да Қазақстан мәдениетінде маңызды орын алатын оқиғалардың бірі болып табылады.

 

Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін көпшілікке танымал ету, қоғамның кітап оқуға және Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылығын арттырып, өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал ету.

 

Аталмыш республикалық акция Қазақстанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.

 

Құрамында Қазақстан кітапханаларының басшылары болған «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясын Ұйымдастыру комитетінің шешімімен және Қазақстан Республикасының кітапқұмарлары арасында кітапханалар жүргізген сауалнама нәтижелерін сараптай келе, 2017 жылы жалпыға бірдей оқуға қазақ әдебиеті тарихына белгілі ақын, ХІХ ғасырдың көрнекті тұлғасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалды.

 

Акция барысында дәстүр бойынша ұлттық, облыстық, аудандық, ауылдық кітапхана оқырмандары, мектеп және колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері жаппай оқуға ұсынылған шығармаларды қызығушылықпен оқып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен танысады.

 

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда, кім болам?...

12

деп жырлаған қазақтың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров қара басындағы міндетті ғана айтып қойған жоқ, өз халқының дертіне ем табу, мұқтаждықты, өнерсіздікті жою, сөйтіп халықты, мәдениетті, ерікті етуді ойлады. Бар мақсаты оқу, өнер болған ақын кім не нәрсені ардақтай білсе, сол нәрсенің қадіріне жетіп жақсысын да асыра білетінін насихаттады.

Сұлтанмахмұт – ерте оянған, елдің мұң-мұқтажын ерте түсініп жырлаған азамат ақын. Бала күннен жазған өлеңдерінің өзінен-ақ ол әлеуметтік теңсіздікті, халықтың қоғамдық өміріндегі мешеулікті жіті көзқараспен тани білген.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Омск уезінің Шағрай болысындағы Жантай ауылында дүниеге келген. Әкесі Шоқпыт Семей губерниясының Павлодар уезінен.

Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902 - 1903 жылдары – Әлі, 1904 - 1905 жылдары – Тортай, 1906 - 1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебиетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулыды.

Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларда барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоқтығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды. Бірақ оптимист Сұлтанмахмұт өз бетімен ізденіп көп оқыды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болды, сөйтіп заманының оқымысты жастарының біріне айналды.

Реалист - ақын ХХ ғасыр әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән - мағынасы жайлы «Адасқан өмір» поэмасы, ХХ ғасыр басындағы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген «Қамар сұлу» шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті.

Сауат ашу, хат тану барысында Сұлтанмахмұт алдымен өзінің ана тілін қадірледі, соның барлық ерекше қасиеттерін танып білді.

«Сүйемін туған тілді, анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін», - деп, халқының асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан етті. Өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді жастардың ұғымына жеткізуге тырысады.

«Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,

Алауыз азғын болсаң қоян жүрек», - деп жастардың намысына тие, арына қозғау сала сөйлейді. Сонымен қатар өнерлі, білімді болумен бірге ынтымақшыл, көпшіл болудың қажеттігін түсіндіреді. Өз халқын надандықтың қара түнек тұңғиығынан арылтып, тезірек жарқын болашаққа қарай талпынтса деген адал көңілі ақынның асқақ рухын ерекше байқатады.

«Ден сау болса, тағдырдың,

Көкке ұшырам күлдерін,

Түрлентемін гүлдерін,

Жігермен талап еткен соң,

Қоям ба екен сүлдерін?», – дейді өр ақын. Бұл – жігерлі, қайсар азаматтың ертеңге деген зор сенімінен туған шын ниет. Жастарымызды жігерлендіре, серпілте түсіп, арына асыл рух сепкен ақын өлеңдерінің тәрбиелік мәні осы тұрғыдан көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыстың, жаңа жолдың иесі бола білген ақын өлеңдерінде саяси лирика мен табиғат лирикасы көп орын алады. Саяси-әлеуметтік тұрғыда халық мұң-мұқтажын, тілегін өз халі, өз арманы, өз мұңы етіп жырлайды. «Анау-мынау», «Қандай?», «Жарлау», «Бұлар кім?» деген өлеңдерінде ақын сол заманның өзекті мәселелерін алға тартады. Бұл жолдағы ақын ұстанымы – халқын шат өмірге жеткізу, көкірек көзін ояту, тас түнектегі жол көрсетер сәулелі жарық болу.

Бұл өлеңдер Сұлтанмахмұттың қандай жағдайда да келешектен үміт үзбеген өр қасиетін, асқақ арманы мен талабын танытады. Қоғамдық құбылыстарды, кейіпкерлер бейнелерін салыстыра суреттеу негізінде ұнамды-ұнамсыз шындықтың қарама-қарсылығын таныту оның жазушылық, ақындық келбетінің елеулі көрінісі болып табылады.

Жазушы прозада да ақындық мұратынын таймады. Ол қара сөздің өзінде де биік мақсатын ақындық қабілетімен таныта білді. Ақын сарказмды, иронияны орнымен қолдана білудің хас шебері. Сол арқылы ол өз позициясын байқатып, елге әсер етуді ойлады.

Қазақ ұлттық мәдениетінің көрнекті қайраткері, ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің шежірешісі болған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1920 жылы 21 мамырда дүниеден өтті. Ақын бар жоғы 27 жыл ғана өмір сүрді...

Өмірі қысқа болғанмен, жырларының ғұмыры ұзаққа созылды. Ақын бақыты да сонда.

http://www.cbssemey.kz/index.php?id=85&lang=kz&option=com_content&view=article


Количество посещений: 6052