Наверх
Версия для слабовидящих

Әсет Болғанбаев

Әсет Болғанбаев

Болғанбаев Әсет (8 наурыз 1928 жылы, Қарағанды облысыАқтоғай ауданыҚараменде ауылынды туған – 12 қаңтар 1999 жылы, Алматы қаласында қайтыс болған) – филология ғылымының докторы (1972 жылы). Арғын тайпасы, Қаракесек руының Сарым бұтағынан шыққан. Қарқаралы педагогика училищесін (1947 жылы)Қазақ Мемлекеттік Университетті бітірген (1952 жылы, қазіргі Қазақ Ұлттық Университеті). Осы жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты қазақ тілі лексикологиясы мен лексикографиясын зерттеуге арналған. Болғанбаевтың «Қазақ тіліндегі синонимдер» зерттеуі лексикологиядағы іргелі ғылыми еңбек ретінде бағаланды. Болғанбаев бұл монографиясында барлық сөз табына қатысты синонимдерді талдау арқылы қазақ тіліне тән дара заңдылықтарды зерттеді. Синонимдік қатардың, ең алдымен етістікте, сонан соң зат есім мен сын есімде көп кездесетінін көрсетті. «Қазақ тілі лексикологиясы» (1979 жылы) деген еңбегінде синхрондық зерттеу әдісін қолданып, лексикология қағидаларын тың тілдік деректермен толықтырды. Болғанбаев – «Абай тілі сөздігін» (1968 жылы), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі (1974–84 жылдары). Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы лауреаты (1988 жылы).

Әсет Болғанбайұлы (1928 - 1999), қазақ тіл білімі маманы. Филология ғылыми докторы (1973). Ақтоғайдың түлегі. КазМУ-ді (1952) бітірген. 1952 жылдан ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында аспирант, кіші ғылыми, 1958 жылдан аға ғылыми қызметкер, ал 1986 жыдлан бөлім меңгерушісі, 1991 - 1999 жылы бас ғылыми қызметкер. «Қазақ тіліндегі синонимдер» деген тақырыпқа докторлық диссертация қорғаған (1972). Ғылыми-зерт. еңбектері қазақ лексикологиясы мен лексикографиясы мәселелеріне арналған. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1988). Ол 1947 жылы Қарқара педучилищесін үздік бітіріп, сол жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын бітірген соң 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасып, әуелі аспирант, кейін кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін 47 жылдан астам осы институтта еңбек етті.

Ә. Болғанбайұлының негізгі еңбектері қазақ тіл білімінің көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін аса жауапты салаларына, яғни лексикологияға және тілдегі сөздердің жайын зерделейтін лексикологияға және сөздік құрамды жинақты түрде көрсететін лексикографияға арналған. Ғалымның көп ізденіп, атақ, дәреже алған еңбектері – осы лексикология мен лексикография саласында жазған монографиялық жұмыстары. Ә. Болғанбайұлы алғаш қазақ тіл білімінде зерттелмей, қолға алынбай жатқан тың, күрделі саласының бірі – синонимдер мен оның варианттылығын зерттеуді қолға алды. Ғ. Мұсабаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер» атты кандидаттық (1945), А. Ысқақовтың кеңесшілігімен «Қазақ тіліндегі синонимдер» (1971) атты докторлық диссертациясын қорғады. Ә. Болғанбайұлының 1970 жылы 22 баспа табақпен жарық көрген «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты ғылыми монографиясына отандық және шетелдік ғалымдар оң баға беріп, түркітануға қосылған елеулі үлес деп таныды.

1. "Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi", Ә. Болғанбаев.- Алматы: Мектеп, 1975.- 308 бет.;

2. “Қазiргi қазақ тiлiнiң лексикологиясы мен фразеологиясы“, Қалиев Ғабдолла, Болғанбаев Әсет - Алматы: Сөздiк-Словарь, 2006.- 264 б.;«Қаракесек шежіресі», екінші том, Павлодар, «ЭКО» ЖШС баспаханасы, Т.А. Еңсебаев . Кітаптың таралымы – 500 дана. 2017

  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том
  2. Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5  

Тіл ғұламасы Әсет Болғанбаев

Тіл ғұламасы Әсет Болғанбаев - adebiportal.kz
 

Тіл ғұламасы!

 Бұл анықтама сөздік жасау ісінің саңлағы, тілтану ғылымының тарланы Әсет Болғанбаевтың дара тұлғасын, ғылымға қосқан өлшеусіз еңбегін дәл беріп, толық қамтып тұр. Тіл ғұламасы көзі тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Текті тұлғаны дүниеге әкелген құнарлы топырақ – Қарағанды облысы кемеңгер ғалымның мерейжасын ескерусіз қалдырмады. Аймақ орталығы Қарағанды қаласындағы №23 жалпы білім беретін орта мектепте «Тілтанудағы ірі тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

 №23 білім ордасы – аралас мектеп аралас. Елуден астам сыныптың 22-сі қазақ тілді оқушыларға арналған. Бір қызығы, алғашқы қазақ сыныбы осыдан 9 жыл бұрын ғана ашылған. Мектепте өнерге қабілетті оқушылардан «Жас талап» ансамблі құрылған. Сонымен бірге, білім ордасында тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Қазақ халқының қолөнері мен мәдениет жәдігерлерін насихаттайтын ұлттық музей 2017 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ашылған. Айта кетерлігі, мектептегі мұндай мұражай Қарағанды облысында бірегей. Музей жетекшісі Жанат Қуанышеваның айтуынша, өлкетану ордасындағы басты жәдігердің бірі – ақын, қайраткер Сәкен Сейфуллин мен Әбікен Хасеновтің кіндігін кескен кездік. Өскелең ұрпақты қазақы рухта тәрбиелеуге жан аямай тер төгіп, Әсет Болғанбаевқа арнап конференция өткізуді бастама етіп көтерген №23 мектеп директоры білікті басшы, ұлтжанды азамат Нұркен Ашықбаевтың еңбегі ерекше екенін айта кеткен абзал.

Конференция қонақтары

 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбаев «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1961), «Абай тілі сөздігі» (1968), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), сәл кейінірек жарық көрген 1 томдық түсіндірме сөздіктің дүниеге келуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Білікті лингвист тұрғысында елімізден де сырт жерлерге танымал болған тіліміздің қайсар қайраткері қазақ лексикографиясына айтулы үлес қосуымен ерекшеленеді. Осы ілім саласындағы алғашқы зерттеулері тұрақты ізденіске ұласып, ғылыми еңбектері толықтырылып, жинақталып 1962, 1975 және 1998 жылдары қазақ тіл білімі саласында ғана, жалпы түріктілдес халықтардың арасында тұңғыш рет «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Алғашқы нұсқасында 4 мың сөз болса, соңғысында 9 мың сөз қамтылып, синонимдік қатарға ортақ сипаттама берілді. Ана тіліміздің сөз байлығының нақты айғағы ретінде бұл еңбектер құнды мұра саналады. Тіл ғұламасы, сонымен бірге, қазақ тілінің тұңғыш түсіндірме сөздіктерін 2 том, одан соң 10 том етіп шығаруға қатысқан беделді авторлардың бірі. Ол, сондай-ақ, 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ КСР энциклопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энциклопедиясы» тәрізді белді басылымдардағы сөздік ұяларын жасауға сүбелі үлес қосты.

 

Бұл жинақта ғалымның еңбектеріне қоса ол туралы өлең, туындылар,

зерттеу мақалалар қамтылған

 

Әрине, осынау аса ауқымды еңбектерді ғалым бір өзі ғана жазып шықпаса да, кезінде ат салысқан барша зерттеуші ғалымдар Болғанбаев еңбегін, ғылымға қосқан ерен үлесін бір ауыздан мойындағанын баса айтқан орынды. Оның қаламынан, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген еңбектерінен басқа жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазақ тілінің лексикологиясы» мен «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулықтары жарық көрді.

 Қарағанды өңіріндегі Ақтоғай ауданынан қанаттанып, үлкен ғалым атанған азамат есімі туған топырағына қастерлі. Үшарал ауылындағы негізгі мектеп Әсет Болғанбаев атымен аталады. «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.

 Туған аймағының орталығы Қарағанды қаласындағы конференцияда тіл майталманының лексикология саласына сіңірген еңбегі мен ғалымның қазақ тілінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы зиялы қауым тереңнен сөз қозғады. Осыған орай «Тілтанудағы ірі тұлға» атты мақалалар жинағы басылып шықты. Жинақта үздік жазылған мақалалары үшін ұстаздар қауымы Қарағанды қаласы білім бөлімінің дипломы, алғыс хаты, сертификаттарымен марапатталды.

 Сонымен қатар осы №23 мектепте Әсет Болғанбаев атындағы «Қазақ тілі мен әдебиетінің» арнайы кабинеті салтанатты түрде ашылды. Бұл кабинетте ғалымның құнды кітаптары мен тырнақалды туындылары қойылды. Кабинеттің безендірілуіне өзіндік үлес қосқан қарағандылық суретші – Қайрат (Кэй-Кэй) Қожықовтың еңбегі ерекше.

 Ғылыми жиынға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қарағанды облысы бойынша институт директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Мейрамгүл Жетпісбаева, «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова, аға оқытушы Мөлдір Айткенова, аға оқытушы Мұратбек Сүлейменов, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, филология ғылымының докторы Алма Әділова, филология ғылымдарының докторы, профессор Шара Мажитаева, филология ғылымының кандидаты, доцент Айнагүл Қазанбаева, арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы, «Орталық Қазақстан» газетінің кадр, қоғамдық ұйымдармен байланыс және жарнама бөлімінің басшысы Ерғазы Төлеуов, Қарағанды қаласы Білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Жаркеева, ғалымның іні-қарындастары Несіпбай Болғанбаев, Сара Қашқынова, Бигүл Болғанбаева, Рыскүл Болғанбаева, ғалымның немереслері Ернат Қашқынов, Қуан Болғанбаев, Ұлағат Әміреұлы, Әлия Болғанбаевалар қатысты.

 

 

Торқалы 90 жылдық мерейтойдың тағы бір ақжолтай жаңалығы – Әсет Болғанбаевтың өмірі мен ғылыми еңбек жолына арналып құрастылыған «Сөз әлемі» кітабы тарту етілді. Құнды еңбектің тұсаукесер салтанаты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолдауымен Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткізілген «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты дөңгелек үстел аясында өткізілген болатын. Сондай-ақ аталған кітапқа Әсет Болғанбаев туралы жазылған мақалалар мен өлеңдер де енгізілген.

 

Іс-шараға атсалысқандар марапатталды

 

 

ТІЛ ҒҰЛАМАСЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫСТАР

 Мәлік Ғабдуллин,

Кеңес Одағының батыры, жазушы, ғалым

 

УА, СИНОНИМ, СИНОНИМ...

(Әсет Болғанбайұлына)

 

Уа, синоним, синоним,

Сүйдім сені беріліп.

Соңыңа түстім көп уақыт,

Көргенім жоқ ерініп.

 

Жатсам-тұрсам ойымды

Ғашығымдай қармадың.

Бойдағы жігер-күшімді.

Бір өзіңе арнадым.

 

Міне, бүгін синоним,

Жұрт алдына келдік біз.

Бағалар деп еңбекті,

Ағаларға сендік біз.

21 сәуір, 1972 жыл

 

 Мұзафар Әлімбаев,

Қазақстанның Халық жазушысы

 

АҚЫЛЫ АСҚАН АТАМЫЗДАЙ

(Қазақ тілі ғылымының қабырғалы

қайраткері, ізденгіш ғалым, інім

Әсет Болғанбаевқа)

 

Адалмыз Ана тілі-Ана алдында,

Ана тіл көкіректі малар нұрға.

Ана тіл зәмзәмына қанарсың ба,

Ана тіл зәмзәмына қанармын ба?

 

Майқы би таралғанбыз кіндігінен,

Жалғаймыз жырды күнмен, күнді жырмен.

Мың жылдар орманына сүңги бойлар,

Қиялдың құйғытамыз дүлдүлімен.

 

Өзіміз өзімізді ұмытамыз,

Уақытты қабырғаша сырғытамыз.

Жүземіз сүңгуірше сөз мұхитын,

Сусынға сиқыр мәнді сыр жұтамыз.

 

Әрбір сөз ұзатылған апамыздай,

Әр мақал ақылы асқан атамыздай.

Жаты жоқ біздер үшін жақсы сөздің,

Жасық сөз қасіретті қапамыздай.

 

Жалына жармасқандай өлмейтіннің,

Уақытқа көнбейтін не, көнбейтін кім?

Сөз ғана сарқылмайтын, еселеніп,

Сөз ғана – ұсталмас зер, сөнбейтін күн.

 

Татысын әр талпыныс ерлік деуге,

Қазақы басылмайды өрлік-кеуде.

Ұлттықтың намыс туы асқақтасын,

Ешқашан тотықпасын елдік зерде.

 

Ет жүрек елін сүйген неге алдансын,

Жетпеген жетелі сөз төр қалмасың.

Аз емес көпке ұсынған сыбағамыз,

О, мейлі, іші тарлар солбаңдасын...

 

Дүр теріп қойнауынан ғасырлардың,

Қоймасын байытамыз асылдардың...

Миуасын төксін молдан қысы-жазы,

Ана тілі – жәннат бағы жасыл-балғын!

11 ақпан, 1998 жыл

 

 

Жаппар Өмірбеков,

жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі

 

ТІЛ ҒҰЛАМАСЫ

(Әсет Болғанбайұлына)

 

Мен сені таныдым –

таныттың тапқырлығыңмен,

Таныттың –

көкжал қасқырлығыңмен,

Таныттың – бейнетқор табандылығыңмен,

Қыр болып қиындыққа барарлығыңмен,

Өмірлік өршілдігіңмен,

Қаздауысты Қазыбек бабаңдай,

Бұлжытпас әділдігіңмен!

Міне, енді сексенге келіпсің:

Ғұлама ғалымсың,

Сен де Елдің Ерісің!

Өшпейсің,

Халқыңмен біргесің, Бауырым!

3 ақпан, 2008 жыл

 

Жеңіс Қашқынов,

ақын-жазушы

ДОМБЫРАНЫҢ ҚОС ШЕГІ

(Әсет Болғанбаевқа)

 

Бастаудай тоқтамастан алға ағатын,

Жылғадай бір-бірімен жалғанатын.

Ғылымның жазирасын шиырладың,

Сескенбей ерттеп мініп арман-атын.

 

Отырсың бүгін соның нық үстінде,

Баяу бір көрсетпестен жүріс мүлде.

Бұл күнде самайдағы ақ қырауың,

Қалады жарқ-жұрқ етіп күміс күнге.

 

Жүрегін жайып салып жыр қылатын,

Ал інің қай істі де тындыратын.

Қаптаған жылқы ішінен кісінетіп

Талаптың ұстап мінді дүлдүл атын.

 

Дамылсыз күн-түн демей терін төгіп,

Інің жүр сол өлеңге көңіл бөліп.

Мұнартқан асқар шыңға көтерілер,

Өзінде қайтпас, қайрат, сенім берік.

 

Шиырлап жүрмеген соң әр ізді біз,

Көп жанға әрі сыйлы, қадірліміз.

Кететін шертіп қалса күмбір қағып,

Қос шегі домбыраның тәріздеміз.

4 наурыз, 1988 жыл

 

Серік Ақсұңқарұлы,

ақын

ӘСЕТ АҒАМ КЕЛЕДІ ҰШЫП ҚҰС БОЛЫП

 

Өмір шабыт,

Өлім-қалып түс болып,

Әсет ағам келеді ұшып құс болып!

Кете де алмай аруақтың қасынан,

Туған жердің топырағынан, тасынан –

Жыландыға ұшып келе жатыр ол,

Аққа оранған Алатаудың басынан!

 

Жыр боп туып, жалғасатын дастанмен,

Құпиясын Ахметтер ашқанмен, –

Ана Тілін ол Аспанға көтерді,

Келеді ұшып енді өзі сол – Аспанмен!

 

Өз бауырын сүйіп ләйім, өз қанын,

Өз жұртының аңсап дәйім озғанын, –

Анасының қасына ұшып келеді, –

Ана Тілін сүйген Қайран Боздағым!

 

Алаш-Ана, сенің Қызғыш Құсың-бұл,

Құсың неге шырылдайды – түсіндір?!

Атырау – Арқа – Алатаудың үстінде

Ақтоғайдың бір қыраны ұшып жүр.

29 тамыз, 2001 жыл

 

 

Айгүл Мұхсинова,

Қарағанды қаласы

 

 


Количество посещений: 574