Ермеков Әлімхан Әбеуұлы (1891-1970) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі.
Өмір жолы
Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысында, қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген.
1905 жылы Қарқаралы қаласындағы үш кластық училищені, 1912 жылы Семей ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі. Институтта оқып жүріп Г. Потанинмен танысады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен етене жақын араласып, ұлт азаттығы жолындағы күреске қатысқан. 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғанда, 26 жасында жаңа үкіметтің жаңа премьер-министрінің орынбасары, әрі ел шаруашылығын жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Сол жылы II Бүкілқазақтық съезіне Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді.
1917-1918 жылдары Алаш автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, Комуч, Башқұрт үкіметі, Сібір облыстық думасы, Уфа директориясы атынан Колчактың Омбы үкіметімен келіссөздер жүргізеді.
1919-1920 жылдар аралығында Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-ревком комитетінің мүшесі, әрі коллегия төрағасы, Семей губревкомының мүшесі болып, Кеңес үкіметінің саяси басқару жүйесінде қызмет істеп, қазақ жерінің тұтастығын сақтау, шекарасын анықтау сияқты маңызды жұмыстар атқарып, қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда айрықша еңбек сіңірген.
Ә.Ермеков Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17-тамыз) қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ. Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалаулары мен Семей, Ақмола облысының жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосады. Еліміздің саяси, әлеуметік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысқан.
1921-1924 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық жоспарлау басқармасының, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Қазақ АКСР-інің 6-7 шақырылған Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен жанында кітапханасы бар педагогикалық техникум ашуға зор үлес қосады. 1937 жылы педагогикалық техникум педагогикалық училище болып қайта құрылады (1945 жылы бұл педагогикалық техникум Абай есімін иеленіп, 1953 жылы Саран қаласына көшіріледі. Бұл қазір Саран педагогикалық колледжі деп аталады). Оқуын жалғастырып, 1923 жылы Томск технологиялық институтын бітіріп, геолог-барлаушы инженері мамандығын алып шығады. 1926 жылы ғылыми-педагогикалық қызметке ауысып, 1926-1928 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары тұңғыш педагогикалық институтының жоғарғы математика кафедрасының мұғалімі, әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы міндеттерін атқарады. 1929 жылы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Алматы Мемлекеттік университеті) доцент, 1932-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық мал дәрігерлік институтында доцент, профессор міндетін атқарып, кафедра басшысы болады. 1935 жылы мал дәрігерлік институтта кафедра басқарып жүріп, институт ғылыми кеңесінің ұйғарымымен (ВАК шешімі бойынша) тұңғыш рет математика саласынан профессор атағын алады. Кеңес өкіметіне, коммунистік-репрессиялық жүйеге қарсы қызметі, Алаш партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болады. 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің үкімімен алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылып, бақылаушы органдардың бақылауына алынады.
1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» кітабын, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарған. 1935-1937 жылдары Алматы Кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, техникалық факультеттің деканы қызметтерін атқарады.
1932-1936 жылдары ҚазАССР оқу ағарту халық комиссариатының арнаулы тапсырмасымен қазақ тілінде математика терминологиясын жасап шығарады. 1937 жылы сталиндік озбырлық бұғауына түсіп, Ресейге барып бой тасалап, 1938 жылы шамалы уақыт Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
Қуғын-сүргін жылдары «ұлтшыл», «халық жауы» аталып, қудалауға ұшыраған. Өзінің халық жауы емес екендігін дәлелдеп, арызданып, 1947 жылы мерзімімен бұрын босатылып, елге оралады. 1947 жылдың 15 тамызынан Шымкент технология институтында математика кафедрасын басқарып, ұстаздық етеді. Өкінішке орай, ол жалған жаламен тағыда тұтқындалып, Ішкі істер министрлігінің түрмесіне қайта жабылады. 1954 жылы ісі қайта қаралып, 1955 жылдың 7 наурызында КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы қарашада толық ақталды. Өмірінің соңына дейін Қарағанды тау-кен институтында (қазіргі ҚарМТУ) аға оқытушы қызметін атқарып, ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан.
1998 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтің құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды.
Дәуір даналары
Бүгінде Қарағанды, Қарқаралы қалаларының екі орталық көшесіне, Ағадыр кентінің № 131 орта мектебі мен Ақтоғай ауданы Қаратал ауылындағы орта мектепке Ә.Ермеков есімі берілген. Қарағанды қаласындағы Ә.Ермеков көшесінде «Әлімхан Ермеков» атты үлкен кітап дүкені ашылған. 2000 жылдан бастап Президенттік мәдени орталығындағы мұражайжа Ә.Ермековке байланысты құжаттар мен суреттер жинақталып, алаш алыбына құрмет көрсетіліп келеді.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том
https://e-history.kz/kz/news/show/927/ сайтынан алынды
Әлімхан Ермековтің жұбайы – Рақия Шағабетдинқызы Ермекова (1898-1960)
Әлімхан Ермековтің жұбайы – Рақия Шағабетдинқызы 1897 жылы 17 желтоқсанда Том қаласында туған. Ол жайында мәліметтер өте аз. Том университетінің медицина факультетін тәмамдап, Әлімхан Ермековпен Том қаласында танысқан. Рақияның ағасы Ғариф Ә. Ермековтің досы болған, Том политехникалық институтында бірге оқып, студенттердің мұсылман жерлестігі қоғамына бірге қатысқан.
Рақия Шағабетдинқызы хирургия мамандығын таңдап, мыңдаған науқасқа ота жасап, денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосқан. Күйеуінің басына түскен ауыртпалықты «халық жауының әйелі» ретінде бір адамдай көтерген. Қиыр Шығыста айдауда жүргенде тағдырлас әйелдермен бірге тайгада ағаш кескен. Кейбір мәлімет бойынша, Рақия Шағабетдинқызы Жамбыл өңіріне сол қасіретті жылдары жер аударылып келген. 1940 жылы облыстық ауруханада дәрігер-хирург болып еңбек етсе, көп уақыт өтпей-ақ білімділігін, біліктілігін байқатқан оны облыстық аурухананың бас дәрігері етіп тағайындап, 1941-1948 жылдары осы лауазымды атқарған. Жұбайы Әлімхан бостандыққа шыққаннан кейін Қарағандыға барып, бірге тұрып, 1960 жылы дүниеден озды. Өзінен 10 жылдан соң бақилық болған сүйікті жары Әлімхан екеуі бір жерге жерленген.
Олардың кіндігінен екі перзент – Мағауия атты ұл мен Раушан (Рауилия) есімді қыз өрбіген.
Ал Раушан инженер мамандығын игеріп, Арменияға тұрмысқа шыққан. Ол туралы мәліметтер жоқ.
Мағауия Әлімханұлы Ермеков (1921-2006)
Мағауия Әлімханұлы Ермеков – Арғын тайпасы, Қаракесек руының Сары Танас бұтағынан шыққан. 1921 жылы қыркүйек айының бірі күні Шыңғыстаудың баурайында, Абайдың баласы Тұрағұлдың үйіне қонақтап келгенде туып, ата-анасы оған данышпан ақынның тағы бір ұлының есімін қойған.
Он екі жасар бала Мағауия әкесін тұтқындаудың куәгері болды. Тінту кезінде дүние-мүліктерді қалай төңкергенін, шақырылмаған «қонақтардың» айуандығын көрген.
Отбасын алдымен қала шетіндегі жер төле үйге, сосын қала сыртындағы жер үйге көшірген кезде Мағауия Алматы орта мектебінің төртінші сыныбында оқыған. Бірақ онда да олардың отбасына тыныштық бермей, Үштөбе стансасына Қаратал ауылына көшірген, онда Ресейдің батыс облыстарынан 300 мыңға тарта қоныс аударушылар тұрған.
Отбасы шешесінің хирург-дәрігер, оның үстіне жақсы ұйымдастырушы және шаруақор болғандығынан ғана аман қалды. Ол Үштөбеде темір жол ауруханасын басқарған.
1939 жылы Мағауия Алматының орта мектебін үздік аяқтағаннан кейін, Ростов Ауыл шаруашылық машина жасау институтына түседі. Екі жылдық оқудан кейін ол Кеңес Әскері қатарына шақырылады, онда 6,5 жыл қатардағы солдаттан аға лейтенантқа, жеке батальон штабының бастығы және әскери училище оқытушысына дейін қызмет еткен. Ол өзінің батырлығымен тұтқында жүрген әкесінің жағдайын жеңілдетермін деген аңғалдықпен майданға сұранғанымен, жазаланушының баласы ретінде жіберілген жоқ.
Әскери қызметін Қарақұм құмдарында Орта Азия әскери округы бөлімдерінде өткізді. Әрбір 2-4 апта сайын майдандағы жағдайға байланысты даярлығы жоқ жауынгерлерден майданға жіберілетін жауынгерлерді даярлады.
1946 жылы әскерден келген соң ол погондары мен ілгектері сөгілген, үйкелген офицер шинелін киіп жүруін жалғастырды (басқа киімі болған жоқ). Канск және Тайшет лагерьлеріне әкесімен кездесуге бірнеше рет барып қайтқан. Осындай әрбір баруы үлкен қиындықтармен өткен. Тас қараңғы түндерде – ауылда электр жарығы болмағандықтан, батпақ арқылы төсемелерден өтуіне тура келген.
1950 жылы Мағауия Әлімханұлы Алматы Тау-кен институтын «Геология және пайдалы қазбалардың кен орындарын барлау» мамандығы бойынша инженер-геолог атағымен бітіріп шықты. Сол жылы ол Қарағандыға жол тартады, онда учаскелік геолог, кейін «Қазақкөміргеология» тресінде аға геолог болып жұмыс істейді. Басында оны стратегиялық шикізат ретінде көмірге жолатпады да, ол жергілікті құрылыс материалдарымен айналысты. КБА 1953 жылы сол тресте Қарағанды көмір бассейнінің көмірлі қабаттарының газдылығын зерттеу бойынша тақырыптамалық отрядтың жетекшісі болып тағайындалады. 1957 жылға дейін олар газдық сынамалардың әдістемелері мен техникалық құралдарын жасайды, бұл Қарағандының осы мәселені жүйелі түрде зерттеуге жол ашқаны болатын. 1957 ж. М.Ә.Ермеков бір жылдық сырттай аспирантурада оқыған соң, кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды.
1958 жылы Қазақ тау-кен металлургия институттың аспирантурасын бітірген.
Ол 1958 жылдан 1970 жылға дейінгі кезеңде ҚазКСР ҒА химия-металлургия институтында, ҚҒЗКИ, Шығыс ҒЗИ алдымен АҒҚ лауазымында, ал 1963 ж. бастап зертхана бастығы ретінде бассейннің газдылығы мәселесімен еңбектенуін жалғастырады. 1968 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ізденуге диссертациясын қорғайды.
1968 жылы Қарағанды политехникалық институтының геология кафедрасының профессоры болып сайланады, ал 1970 жылы оның меңгерушісі болып тағайындалады, геофизика, тау-кен және құрылыс мамандықтарының студенттеріне геологиялық барлау, құрылымдық және инженерлік геология, гидрогеология, мұнай мен газды кен қабаттарынан дәрістік курстар жүргізеді. Бұларға қоса көмір қабаттарының газдылығы жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізеді (Ғылым және техника жөніндегі Мемлекеттік комитет тақырыбы бойынша). Геологиялық факторлардың, қойнаулар термодинамикасының газдылығына сандық бағалаудың бірегей әдістері жасалады.
Олар Қарағанды бассейнінің газдылығының бірінші картасын құрастырады, ол жеткілікті түрде газдың молдылығын дәлелмен болжауға, нормативтік құжаттарды жасауға мүмкіндік береді.
Өндіріске практикалық көмек көрсеткені үшін М.Ә. Ермеков бірнеше рет «Көмір өнеркәсібі Социалистік Жарысының үздігі», «Шахтер даңқы» белгілерімен марапатталады,. Оның есімі Құрмет кітабына және облыстың Құрмет тақтасына енгізіледі. 1980 ж. шахталарда жарылысқа қауіпті метанмен күресудің физика-химиялық негіздерін жасау жөнінде жұмыс циклі үшін оған академик А.А.Скочинский атындағы диплом мен сыйлық берілді.
1979-80 жылдары оның авторлық бірлестігімен үш томдық «КСРО көмір бассейндері мен кен орындарының газдылығы» монографиясын баспадан шығарады да, М.Ә.Ермеков КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болады. 1983 жылы Қазақ Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады.
М.Ә. Ермеков геологиялық және тау-кен мамандығының 13 кандидатын қорғауға даярлайды.
Жоғарыда аталған үш томдық монографиядан басқа оның 160-тан астам баспа жұмысы түрлі одақтық басылымдарда жарияланып, төрт авторлық куәлік алған. Көптеген жұмыстарда көмірлі түзілімдердің газдылылығы мәселесі, бірегей аспаптар және газдық сынамалар әдістері, қойнаулар термодинамикасы сипатталды.
Оның көмір кен орындары газ динамикасы бойынша зерттеулері көмір шахталарында метан болуын анықтау жөніндегі жөнелту пункті болып табылады және тек ТМД мемлекеттерінде ғана емес, сондай-ақ Чехия, Польша, Словакия, АҚШ, Канада, Австралияда кеңінен пайдаланылады.
М.Ә. Ермеков газ молдылықты дәлелді түрде болжауға, нормативтік құжаттарды жазуға мүмкіндік беретін Қарағанды бассейнінің алғашқы газдылық картасын жасаған.
2006 жылы Қарағандыда қайтыс болған.
Әлімхан Ермековтің немересі –Олег Мағауияұлы Ермеков (1953)
Ермеков Олег Мағауияұлы – 1953 жылы дүниеге келген. Политехникалық институтың түлегі, техника ғылымдарының кандидаты. Облыста еңбек жолын геофизикадан сәтті бастап, Қарағанды политехникалық институтында дәріс берген. Қарағанды облысында экономика басқармасының бастығы қызметін атқарып, кейінгі уақытта ұлы Әділмен бірге білім саласындағы бизнеске басшылық жасауға ауысып, Ұлыбританиялық «Maryadi education» компаниясымен бірге әлем бойынша ересектер мен балаларға тілді оқытудың курстарын ұйымдастыруда.
Әлімхан Ермековтің шөбересі – Ермеков Әділ Олегович (1978)
Ермеков Әділ Олегович 1978 жылы дүниеге келген. Англиядағы Портсмут университетін бітірген. Корпоративті қаржы және халықаралық маркетинг маманы. Лондонда көпұлтты электроника және электронды микро компоненттер компаниясында жұмыс істейді.
Әдебиеттер тізімі
Әлімхан Ермеков қайда жерленген?
Видео https://ruh.kz/2020/09/01/alimhan-ermekov-qaida-jerlengen/ алынды.
Ұлт мақтанышы. Әлімхан Ермеков. Деректі фильм https://youtu.be/EBdWQwWklLA
Количество посещений: 624
Алаштың ақтаңгер ақын - Абзал
Проведен районный конкурс на тему "Алаш актангер акын - Абзал", посвященный 75-летию со дня рождения члена Союза писателей…
Отец-опора шанырака
В библиотеке ко Дню отца был проведен час встречи на тему "Отец-опора шанырака".Цель,осмысление значения роли отца и мужчины в семье, обмен…
Папа-опора шанырака
Әке-Асқар тау. Опора каждой души в жизни. В целях повышения авторитета отца в обществе, популяризации безусловной любви между отцом и…
Әкешім Аскар тауым
В нашей библиотеке был проведен круглый стол на тему: “Әкешім Аскар тауым”. Цель: выразить родителям важность места отца в воспитании…
Әке- шаңырақтың тірегі
18 июня в Актогайской районной детской библиотеке ко Дню отца был проведен воспитательный час на тему: "Әке- шаңырақ тірегі". Цель:…
Гюго .В. Аласталғандар
Хьюго .В. отстраненные/В Гюго, ауд. Захбдешов.- Нур-Султан.Фолиант. Том 1. Роман .2020.-736 С. Как и в других произведениях великого французского…
Гюго В. Аласталғандар
Гюго В. изгнанники / Виктор Гюго, ауд. С. Абдрахманов. - Нур-Султан. Фолиант, том 2.2021.-672 С.Роман французского писателя Виктора Гюго…
Мұқанов Сәбит . Аққан жұлдыз
Муканов Сабит . Падающая звезда . роман / С. С. Муканов.- Нур-Султан. Фолиант, книга 1.- 2021.-448 С.С. Муканов много лет глубоко изучал жизнь и…
Диккенс Чарльз. Үміт құшағында
Диккенс Чарльз. В объятиях надежды . роман / Ч. Диккенс, ауд. Г.Исмагулова.- Астана. Фолиант, 2023.-488 С. Произведения английского писателя…
Кэрол Дуэк. Ойлау . Табысқа жетудің жаңа психологиясы.
Кэрол Дуэк. Мышление . Новая психология успеха. Алматы. Общественный фонд "изложение", 2021. -260 С. Измените свое мышление, если хотите, чтобы…