Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Тарау

«Бір ел – бір кітап 2024» республикалық акциясы.

       Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау, рухани мұраны сақтау, отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, заманауи әдебиет пен поэзияға қоғамның қызығушылығын арттыру.

Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, ЮНЕСКО-ның есте қалатын даталар күнтізбесіне 100 жылдық мерейтойы енгізілген Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқу.

Соқпақбаев Бердібек Ыдырысұлы (15.10.1924 – 24.06.1991) – қазақ балалар жазушысы, ақын, сценарист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Бердібек Соқпақбаев Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген. Ол ізденімпаз, қабілетті бала болып өсті. Баланың бойына білімге деген сүйіспеншілікті кейін соғыста қаза тапқан ағасы сіңірген.

Әскери борышын өтегеннен кейін Б.Соқпақбаев Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, бірнеше жыл ауыл мектебінде мұғалім болып, көп журналистік қызмет атқарды, газет редакцияларында қызмет етті. және «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» журналдары. «Қазақфильм» киностудиясында редактор болған. Оны педагогика, бала тәрбиесі мәселелері үнемі толғандыратын. Бердібек Соқпақбаев шығармаларында көп нәрсе автордың өмірінен алынған.

«Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді» демекші, балалардың сүйікті жазушысы артына «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар» және «Ергежейлілер елі» сынды бірқатар әңгіме, хикаялар қалдырды. Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген.

Б. Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады...

Қазақ балалар әдебиетінің тағы бір классигі Сапарғали Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы қызметкерлері жазушының қазақ әдебиетіне қосылған өміршең өлмес мұраларын жинақтап, зерделей келе  «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдістемелік құралды көпшілік назарына ұсынады.

Бердібек Соқпақбаев — қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ол сол көргендері мен сезінген дүниесін 30-жылдардағы ауылдың ауыр тұрмысы, Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі ауыр кезеңнің шындығына сәйкес жаңартып, ой елегінен өткізіп, типтік орта шындығына лайық типтік бейнелер арқылы аша білді.  Бүгінде кез келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның «Менің атым Қожасы»  әрбір үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателпеспіз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ  әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын.

Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастап, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының белсенді авторы болды. 1950 жылы «Бұлақ» деп аталатын өлең жинағын шығарған. Кейіннен балалар мен жасөспірімдерге арналған прозалық шығармаларын жазды. Оның балаларға арнап жазған туындылары балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйіп оқитын шығармаларына айналды.

1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде жазушының сценарийі бойынша қойылған «Менің атым Қожа» фильмі  арнаулы жүлдеге ие болған. Ол тек балаларға арнап шығармалар жазып қойған жоқ, сонымен қатар жасөспірімдерге арнап «Бозтөбеде бір қыз бар» атты пьеса, «Өлгендер қайтып келмейді» атты роман, «Гауһар» атты повесть және тағы басқа да жиырмаға жуық кітаптарын шығарды.

«Жас Бердібек көз көргендердің айтуына қарағанда, жас кезінің өзінде-ақ ешнәрсеге жасымайтын, ешнәрседен жасқанбайтын отты, өжет болған екен. Ол сыйлауға, сыйласуға өте жақсы еді. Бірақ талғампаз болатын. Кейде тым кіділеу, тым кірпияздау көрінетін. Ал шын жаны жақтырған адамға, көңілі сенген кісіге ақжарқын да адал болатын. Екі сөйлемейтін, өтірік   айтпайтын. ..» - бұл, жастайынан бір ауданда бірге өсіп, кейіннен дәм-тұздары жарасып, жазушымен сыйлас болған қарт қаламгердің жан тебіренісі.

 

«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» және тағы басқа шығармалары жазушының тұтас өмірін көрсетпегенмен бөлшек-бөлшек тұстарын қызықтыра өмірге әкелген болса, ал мына «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушы жаратылысын тұтас тұлға етіп береді. Шығарманың ел ойынан шығатын шынайы жүзі тек қана шындық жазудан тұрса ол сол шығарманың шырайлылығын берсе керек. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек ағамыз жоғарғы ойдың ортасынан ойып тұрып өз орнын алып және сол қасиетімен халық есінде, қала берді әр ұрпақ есінде мәңгі қалған адам.

Бердібек Соқпақбаевтың балалар үшін танымдық мәні зор шығармаларының бірі «Жекпе-жек» хикаясы. Жазушының бұл шығармасы да қазақ әдбиетіне келген тың туынды. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінде бұған дейін спорт тақырыбы мұндай деңгейге көтерілген шығарма болған емес. Бұл шығарма бокс жайлы жазылған. Ал бокс деген спорт түрі қара домалақ қазақ баласына өте жақын десек артық айтқан болмас еді. Ауыл спортының, әсіресе бокстың дамуына үлкен төңкеріс жасаған, құрыштай шыныққан саңлақтардың дүркіреп шығуына соны серпіліс, ерекше серпін берген айтулы көркем дүние. Жасында әлжуаз болып өскенмен, үзбей шынығу, ұдайы жаттығудың нәтижесінде спорт шыңына шыққан Мұраттың бейнесі арқылы жазушы арман жолында қиындықтан қашпау керектігін ұғындырады.

Жазушының күрделі де көлемді туындысы «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Өзін жазатын жазушы бұл шығармасына да өзінің өмірін арқау еткен.  Бір айта кететін жайт, 1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Бірақ, сол кездегі бармақ басты, көз қыстымен тағы да шетқақпай қала береді.  Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қаламгерлер «Халық жазушысы» деген атаққа ұсынылған екен... Неге екені, кейін сол атақ алғандардың ішінде Соқпақбаевтың есімі болмай шығады... Иә, егемен елі барда Бердібек Соқпақбаев та бар, әсте ұмытылмақ емес. Өйткені, ол туған халқының тағдырын жырлап, оның жүрегіне әлдеқашан жол тапқан жазушы.    

«Ергежейлілер еліне саяхат» ертегі-хикаясында шындық пен әділет салтанат құрған, өмір-тіршілік мүлде басқа. Парақорлық пен ұрлық-қарлық атымен жойылған. Халық ешнәрсеге мұқтаж емес. Балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықта шек жоқ. Тіпті ергежейлілер елінде әскер мен қару-жарақ та жоқ. Барлық мемлекеттермен тең құқықта қарым-қатынас жасап, өзінің салт-дәстүрін қатаң сақтайтын бейбітшілік сүйгіш ел туралы ертегі-хикая осылайша шалқар ойға шақырады. «Бердібек Соқпақбаевтың — кірпияз мінезі -  жазушының жан-дүниесінің тазалығын білдіреді. Өте қарапайымдылығымен өзін биік ұстайтын жазушылардың байқамайтындығын байқап, соның соны желісінен жанына нәр тапқан жазушы. Оның бізден ерекшелігі де сол. Сендердің  топырақтарыңда  туып, елдің мерейін үстем ететін үлкен классик жазушы болуының сыры да сонда», — дейді  Таһауи Ахтанов.

Бердібек Соқпақбаев — шынайы адам, шыншыл жазушы еді. Өтірікке өлердей қас болатын. Өнерді өтірікпен әсемдеуден қорқатын. Қатарлас замандастарының өтірік жазғанын жазып жүргенін білсе, сыйламай қоятын. Ол қоғам шындығын бар ауыртпалық, қиындығымен көрсетем деп өзі де көп қиындық көрген қаламгер. Шыншыл шығарма-өміршең. Бердібек Соқпақбаев шығармалары кеше шындық болып шырылдап сөйлесе, бүгін өмірдің өзі болып баурайды оқырманды. Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының қызық оқылатыны да сондықтан.

Оқуға кеңес береміз.


Келулердің саны: 739954

Соңғы мақала

Рымкеш Жұмаділова

15.11.2024

...                 Рымкеш Жұмаділова 1957 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында туған. Аққора, Милыбұлақ…

Толық

Қазақстан туған елім,ұлы өлкем

25.10.2024

... 25 қазан Республика күніне орай, Ақтоғай аудандық кітапхана оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен "Қазақстан туған елім,ұлы өлкем"…

Толық

Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан

25.10.2024

... Мәдениет үйінде Республика күніне орай өткен салтанатты шарада аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен "Мәңгілік жаса, қыран елім…

Толық

Бүгін 24 — ші қазан кітапханашылар күні!

24.10.2024

... Бүгін 24 — ші қазан кітапханашылар күні! Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің…

Толық

Жылдың үздік кітапханашысы-2024

23.10.2024

... 24- қазан кітапханашылар күніне орай "Жылдың үздік кітапханашысы-2024" аудандық байқауы өтті. Ашылу кезеңі Шашубай,Айыртас, Шабанбай,…

Толық

Жылдың үздік кітапханашысы-2024" аудандық байқауының жеңімпаздары

23.10.2024

... Үздік кітапханашы - Құлпейісова Жазира, Үздік жоба иегері - Сағындықова Нұршат, Үздік буктрейлер номинациясы бойынша Кенжебаева…

Толық

ЖЕКСЕНБІЛІК ЖАҢАЛЫҚ!!!

13.10.2024

... Ақтоғайдың киелі топырағынан шыққан тұғырлы тұлғаларымыз Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш ардақтыларына…

Толық

Ғарыш көрген үш қазақ

09.10.2024

... Аудандық орталықтандырылған кітапхана оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен "Ғарыш көрген үш қазақ " атты тақырыпта оқырмандар…

Толық

Ұрпаққа қалған асыл мұра

03.10.2024

... Аудандық орталықтандырылған кітапхана оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздың таңдаулы мұғалімі, Қазақстан халық…

Толық

"Тұғырлы тұлға"

30.09.2024

... Арқа жұртының ардақты ұлы, ұлт руханиятының көрнекті өкілі,мәдениет майталманы,қабырғалы қаламгер,парасатты публицист, сыршыл…

Толық