Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Ауғанның асуында от кешкендер

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Осы тарихи датаға орай, Айыртас ауылдық кітапхана қызметкері И.М. Шаймерденова және мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер» атты тарихи сағат өткізілді.
Мақсаты: патриоттық тәрбие беру, жауынгер –интернационалистердің көзсіз ерлігін өнеге ете отырып шыдамдылыққа, батылдыққа, Отанына адал қызмет етуге, елжандылыққа тәрбиелеу, Ауған соғысы туралы жазылған әдебиеттерді насихаттап, кітап оқуға қызығушылығын тудыру
Шара барысында Ауған соғысы туралы бейнебаян көрсетіліп, қажетсіз соғыстың қасіреті жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. Осы бір зұлмат соғысқа Айыртас ауылынан аттанған ардагерлер Ақатаев Қайрат және Жапенов Иісбекті оқырмандар аса құрметпен еске алды. Олар туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті, қаһармандардың атына жүрекжарды ізгі, жылы лебіздерін арнады, әскери, адами борышын үлкен абыроймен атқарып шыққан жауынгер-интернационалистердің ерлігін мадақтап, атап өтті. Ауғанстандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу – біздің борышымыз. Бір минуттық үнсіздік жарияланды. Шараға қатысқан қонақтар қантөгісті оқиғаның тәжірибесі әр мемлекет пен халық өздерінің ішкі істерін өз халықтарының пайдасы мен игіліктері үшін дербес түрде шешуге үндеген қайталанбас сабақ болғанын айтып, өз ойларымен бөлісті. Ауған соғысының қасіретін суреттеген кітап көрмесіне шолу жасалып, Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Амангелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» («Қара майордың» мұсылман батальоны) атты кітабының таныстырылым тұсаукесері өткізілді.
Шара барысында айтылған ән, күңірене тартылған күй, шертілген жыр – барлығы Ауған соғысының ардагерлеріне арналды.
Отан үшін жанын пида етіп, азаматтық борышын абыроймен өтеген барлық қандастарымыздың есімі тарихта алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды.

Келулердің саны: 814