Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Серік Ақсұңқарұлы (1950)

       Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы 1950 жылы 29 наурыз күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы «Қызыларай» сохозында дүниеге келген. 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

      1974 жылдан баспасөз орындарында қызмет істеген: Ақтоғай «Арқа еңбеккері», Талды аудандық «Шұғыла» газеттерінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1981-1989  жылдары Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Карқаралы») газетінің бөлім меңгерушісі, одан кейін облыстық «Орталық Қазақстан», 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің хатшысы. Ал 2000 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің директоры болып тағайындалды. Шығармашылық жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің (1980 ж.) лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты.

Серік Ақсұңқарұлы өлеңді 13 жасынан бастап жазған. Ол–бүгінде әдеби орта мен қалың оқырманның ілтипат-құрметіне бөленген «Көктем тынысы» («Жазушы», 1975), «Қарлығаш» («Жалын», 1977), «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» («Жалын», 1984), «Жез тасқын» («Жазушы», 1987), «Қызыларай» («Жалын», 1990), «Ғасыр кардиограммасы» («Жазушы», 1990) жыр жинақтарының авторы.
Серік Ақсұңқарұлының поэзияға келген кезі «жылымақ кезең» аталған 60-шы жылдар болатын. Ақын қандай тақырыпқа жазбасын, өлең жолдарынан өзіне ғана тән биік азаматтық, қаһармандық, сүйіспеншілік лебі есіп тұрады. Табиғаты көлгіреуді білмейтін, жаны таза ақын әлемдегі қым-қиғаш әділетсіздіктерге өз үнімен, жанайқаймен қарсы тұрады. С.Ақсұңқарұлы шығармасының ішіндегі шоқтығы биігі, арынды бір ғасырдың әр алуан қыры мен сырын, бүкіл планета тынысын үлкен пафоспен, биік патетикалық асқақ шабытпен жазған поэмасы «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті». Бұл поэма үлкен философиялық ойлар түйген, дәуір келбеті түрлі бояу-нақыштармен суреттелген поэтикалық кең понарама. Онда ХХ ғасырдағы әлемдегі келеңсіздік жәйттер: соғыс, атом, рухани кедейшілік, фашизм, экологиялық дағдарыс, ғасыр дерті ЖИТС, нашақорлық тек адамдарды ғана құртып қоймай, Жер-Ананың да орны толмас қасіреті екенін, табиғатқа жерге табынуға, соларды аялауға үн қосады.
Ақынның диапазоны кең, тақырыбы әлемдік мәселелер, елдегі ауыл тіршілігі, Ресейдегі төңкеріс-өзгерістер, Жапониядағы Хиросима құрбандары, Чилидегі азаттық аңсағандар, Вьетнам патриоттары. Әлемдегі азаматтың зауалы-нейтрон бомбасы ақын жанын бейжай қалдыра алмайды. Әділетсіздік атаулығы атой салу, әділеттікке үн қосу С.Ақсұңқарұлының кредосы. Оның «Көктем тынысы», «Қарлығаш», «Қызыларай» кітаптарында табиғат сұлулығы, махаббат туралы таңғы шақтай мөлдір лирикалық шығармалары көктемдегі көкарайдай көркем, таза тау ауасындай әсер етеді.
С.Ақсұңқарұлының «Қазақстан» баспасынан 2000 жылы «Адам ата-Һауа ана» рух кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа ақынның 1967-1998 жылдар аралығында жазған жырлары топтастырылған. Қазақ ауылының тыныс-тіршілігі ғана емес, ғаламдық, яғни жер жүзілік өзекті де өміршең мәселелерді арқау еткен ақын ойы ұшқыр да асқақ. Келісті де көркем оймен өрілген өлең жолдары оқырманын қалың ойға жетелеп, қашанда ұлттық, елдік мәселелермен тығыз сабақтасып жатады. Аталған өлең кітабының басты құндылығы–ұлттық рухты серпілтуі мен оянған ойға кең өріс, соны серпін беруінде.
 

Келулердің саны: 7650