Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Жеңіс Қашқынов

(1942-2005)

 Жеңіс Қашқынов 1942 жылғы 4 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы, бұрынғы «Қуаныш» ауылында туған. 1959 жылы астанадағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта метебін, 1964 жылы ҚазМу-дің филология факультетін бітіріп шығады. Алғашқы кезде республикалық «Ленишіл жас» газетінде істеп, 1965 жылдан қазақ радиосында қызмет атқарып келді. Одан кейін «Мектеп» баспасында жұмыс істеді.

Жеңіс Қашқынов өлеңді мектепте оқып жүрген кезден жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері 1959 жылы республикалық «Пионер» («Ақ желкен»)

«Қазақстан пионері» («Алау») газеттерінде жарық көрді. Балаларға арналған тұңғыш «Кешкі күн» аталатын кітапшасы 1967 жылы, ал «Қоңыраулы сағат» атты бір томдығы 1989 жылы жарық көрді. Бүгінде он бірге тарта жыр кітаптарын шығарған автор өлеңдері орыс, украин, өзбек, молдаван, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдерінде аударылды. Ол сондай-ақ, бірқатар бауырлас жырларды ана тілімізге аударды.

Ж.Қашқынов шығармашылығының басты тақырыбы – халқымызыдың мәрттігі мен ерлігін жырлауға арналған. Бұған дәлел С.Сейфуллин жайлы «Қызыл сұңқар» атты балладасы мен Ақтоғай ауданынан шыққан, кешегі жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Қ.Нұржанов жайлы жазған прозалық поэзиялық шығармалары дәлел   Қ.Нұржанов жайлы жиырма жылдан артық уақыт бойы деректер мен материалдар жинап «Батыр Қазыбек Нұржанов» (1971 ж.) очерк кітабын, «Батырдың анасы» (1978 ж.) атты поэмасын қалың жұртшылыққа сыйға тартты.

   Жеңіс Қашқыновтың өлең өлкесінде қаламының ұшталып қанатының қатаюына «Советтік Қарағанды» газеті (бүгінгі «Орталық Қазақстан») ерекше ықпал етті.        

«Ақжолтай Ағыбай»/1996/ батырлар жайлы прозалық туындылары жарық көрген. Ж.Қашқынов 15 –ке жуық поэзиялық кітаптардың авторы. Ақтоғай ауданының құрметті азаматы.

   Жеңіс Қашқынов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, грамоталармен марапатталған.

Ақтоғай ауданының құрметті азаматы.

Ернат Қашқынов: Әкемнің асыл қасиеттерін үлгі еттім

Ернат Қашқынов: Әкемнің асыл қасиеттерін үлгі еттім - adebiportal.kz
 
Осыдан бірнеше ай бұрын Сәкеннің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бейнежазбасы табылған сүйінші хабарды дүйім жұртқа жариялаған едік. Өткен тарихтың куәсіндай болған бейнетаспаны Сәкен Сейфуллин музейіне тапсырған қазақтың белгілі ақыны Жеңіс Қашқыновтың баласы, аудармашы, журналист Ернат Қашқыновпен жасаған кезекті сұхбатымызды оқырман қауымға ұсынамыз.

 Ернат мырза! Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бейнежазбасын Сәкен Сейфуллин музейіне тапсыруға қандай ой түрткі болды?

 Былтыр 3 қыркүйекте «Астана-Ақтоғай» велошеруін ұйымдастыру шаруаларымен жүргенімде Сәкен Сейфуллин музейінің жанынан өттім. Сонда алғаш рет «Аталған бейнежазба осы музейде бар ма екен? Сұрап, білуім керек» деген ой келді. Сөйтіп Сәкен көшесімен келе жатқанымда қарсы алдымнан музей директоры, ақын ағамыз Несіпбек Айтұлының кездеспесі бар ма! Содан біраз әңгімеден кейін ағамызға бейнежазба туралы айттым. Ол кісі бірден «Велошеруіңді өткізіп, аман-есен Астанаға оралған соң, бұл бейнежазбаны біздің музейге тапсыр» деді.

 Осынау тарихи мәні зор құнды бейнетаспаны қалай таптыңыз?

Әлде әкеңіздің жеке мұрағатында сақталғанын бұрыннан білетін бе едіңіз?

 Мұндай бейнетаспаның бар-жоғын мүлде білмейтін едім. Алматыдағы Жеңіс Қашқынов әкемнің үйінің астында жертөле бар. Сонда ол кісінің мұрағаты орналасқан. 2016 жылы жазда рамазан айындағы ораза кезінде 1 апта сол үйде болып, таңнан кешке дейін архивті ақтарып, бейнежазбаны сол кезде таптым. Содан Астанаға алып келіп, өзім анда-санда көріп жүрдім. Онда Жеңіс әкемнің арқаланып, Сәкенге арнап өлең оқыған бейнесі бар.

 Иә, расымен бейнетаспаны тамашалау барысында әкеңіздің Сәкен Сейфуллинге арнап, шабыттана өлең оқығанын көрдім. Сол өлең жолдарынан, тіпті жыр оқысынан Сәкенді жақсы танығандығы байқалып тұр. Жеңіс ақын жыр мүшайрадағы осы өлеңмен ғана шектелмеген сияқты?

 Иә, дұрыс айтасыз. «Тұрсекеңдер шертетін, Сәкен жайлы әңгіме. Жұрт еріксіз елтетін, Қалды есімде мәңгіге» деп басталатын «Табыну» деп аталатын поэмасы бар. Әкем Алаштың арда азаматы Тұрсынбек Кәкішевтің қасында жүріп, Сәкен туралы көп сырға қаныққан. 1992 жылы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің ақталып, халқына қайта оралу қуанышына орай Алматыдағы Республика сарайында Тарихи зерде кеші өтті. Әкем осы айтулы оқиғаны республикалық басылымдарда сүйіншілеп, көлемді мақалалар да жазған.

 Рухани қазынаға және әкеден қалған мұраға ойламмен қарайтын бала екеніңіз көрініп тұр. Осындай жақсы қасиет қалай қалыптасты? Әке алдындағы борышты толық ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

 Жеңіс Қашқынов – менің туған әкем Мелстің ағасы. Олардың Есентай деген інісі болған. Үшеуі де көз жұмған. Жалғыз қарындастары Сара апамыз Қарағанды қаласында тұрады. Әкем Мелсті халық Амандық деп атайтын. Негізі мұраға деген адалдықты, іздемпаздықты өз әкем қалыптастырды.

 

Ақын-жазушы, журналист, аудармашы, қайраткер, балуан Жеңіс Қашқынов

(фотосурет Ернат Қашқыновтың жеке мұрағатынан алынды)

  2003 жылы Қарағанды Мемлекеттік Университеті шет тілдер факультетінің ағылшын-француз бөлімін бітіріп, қалада жұмысқа қалғалы тұрғанымда Мелс әкем келіп: «Еңбек жолыңды туған жерің Ақтоғайдан бастайсың, мектепте мұғалім боласың» деді. «Ағылшын тілін меңгеріп, шалғайдағы ауылға барып не істеймін» деген іштей қарсылығым болды. Достарым да «Барма!» деп үгіттеді. Бірақ әкенің сөзі біз үшін заң. Ол генералдай бұйрық бергенде, біз сарбаз сияқты бірден бойұсынып, талқыламастан, ауылға кете бардық. Әкем мені кішкене кезімнен аталы сөзге, баталы әңгімеге үйір қылып өсірді. Сол кезде қалада қалсам, кейін шетелге кетсем, бәлкім, осы қасиеттерден айырылып қалар ма едім. Сөйтіп туған жерім Ақтоғай ауылында қызмет істеп жүргенімде әкем: «Ерте ме, кеш пе, бәріміз бақилық боламыз. Жеңіс Алашқа танымал ақын-жазушы. Оның артында бір жоқтаушысы болуы тиіс. Сол миссияны сен атқаруың керек. Бірақ ең алдымен Жеңісті туысым, әкем екен деп емес, қазаққа сіңген еңбегін бағамдап ал. Егер өз зерттеуің бойынша шынында оның мұрасы насихаттауға лайық деп білсең, осы міндетті адал атқар» деп онсыз да шығармашылығын жақсы білетін ақын әкемнің барлық еңбегін зерттеп, зерделеуді тапсырды. Тағдырдың сынағы шығар 2005 жылы 30 желтоқсанда Жеңіс әкем, содан 2 күннен кейін өз әкем қайтыс болды. Жеңіс әкеміз жүрек талмасынан қайтты. Сол уақытта демікпемен ауыратын Мелс әкем Алматыда емделіп жатыр еді, ағасының қазасынан кейін демікпесі асқынып, ол да көз жұмды. Бұл біздің отбасы үшін ауыр қайғы болды. Міне осы кезден бастап әке мұрасын түгендеу, насихаттау, есімін жаңғырту бағытындағы менің саналы, жүйелі іс-әрекеттерім басталды. Бұған дейін біраз шаруа жасалды деп есептеймін. Бірақ алда атқарылатын іс әлі жетіп-артылады. Құдай қуат берсе, халықтың қолдауымен оларды да іске асырармын деп сенемін.

 

Тұрғандар: (сол жақтан) Жеңіс, Мелс, әкесінің інісі Нығметолла. Отырғандар: әкесінің інісі,

белгілі тілші-ғалым Әсет Болғанбаев, әкесі Рахметолла,інісі Тілек Әсетұлы, анасы Тиышбала және құдағиы.

(фотосурет Ернат Қашқыновтың жеке мұрағатынан алынды)

 

Халқымызда: «Әке – асқар тау» деген ұлағатты сөз бар. Әр бала үшін әкесінің орны таудай сезіледі. Қазақтың салтында әкесінің ағасын «үлкен әке» деп бағалау бұрыннан бар. Ақын әкеңізбен бірге өткен бала күнгі естен кетпес естеліктерден айтып өтсеңіз?

 Жеңіс әкемнің табиғаты ерекше болатын. Ол іс-әрекеті өте жылдам, тез қозғалатын, қағілез, шапшаң адам еді. Отырған орнында да тыныш отыра алмайтын. Жасынан спортпен шұғылданған ғой. Жай айналысып қана қоймай, еркін және қазақ күрестерімен шұғылданып, «Спорт шебері» атағын алған. Соңғы 6 жылдан бері туған жері Ақтоғайда жасөспірімдер арасында Жеңіс Қашқынов атында қазақ күресінен аймақтық турнир өтеді. Сонымен бірге, 2017 жылы 75 жылдық мерейтойының аясында Астанада шығармашылық адамдары арасында Үстел теннисінен республикалық сайыс өтті. Алла жазса, бұл жарысты алдағы уақытта жалғастырамыз деп ойлаймын. Осылайша дәстүрлі турнирге айналдыру ниетіміз бар.

 Жеңіс әкем өте ақкөңіл болатын. Көзі тірісінде «Ақ Жеңіс» атанған. Көңілі жас баладай кіршіксіз, аузын ашса, жүрегі көрінетін ақжарқын еді. Бірақ әділетсіздік десе жаны қас болатын.

 

(фотосурет Ернат Қашқыновтың жеке мұрағатынан алынды)

 

2002 жылы 60 жылдық мерейтойы туған жері Ақтоғайда жоғары деңгейде аталып өтті. Сонда өлеңдерін оқу үшін сахна төріне шыққанда микрофон сәл алыстау тұр екен, соны өзі алдыға көрермендер жаққа жақын қойып «Халқыма жақын тұрайын» дегені бар. Иығына шапан, басына бөрік кигізгенде «Қалай бабаларымнан аумай қалдым ба?» деп күлдіргені тағы бар. Осы суреттер әлі күнге дейін көз алдымда. Ол шынында халқына жақын, бабалар рухын қастерлеген ерекше жан болатын. Осындай адамдық, азаматтық асыл қасиеттерін өзіме үлгі еттім, темірқазық қылдым.

 Жеңіс Қашқынов балалар әдебиетіне көптеп қалам тербеген ақын. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі олқылықтың бірі – балалар туралы шығармалардың аздығы. Әкеңіздің есімі ойдағыдай насихатталып жатыр ма?

 Жеңіс Қашқынов қазақ балалар әдебиетінің негізін қалағандардың бірі. Балаларға арнап барлық жанрда қалам тербеді. Бұдан басқа, ол кісі ересектер поэзиясы бойынша да үлкен, эпикалық шығармалар жазып қалдырды. Аудармашылығы – әлі толық ашылмаған қазыналы қыры. Публицистикалық туындылары мен мақалаларының өзі бір төбе. Жоғары деңгейде насихатталып жатыр деп ойламаймын. Бірақ бұл уақытша жағдай. Құдай қаласа, әкемнің есімін жаңғырту, еңбегін паш ету мақсатындағы қарекетіміз үздіксіз жалғасып, өз мақсатына жетеді деп сенемін.

 Қазіргі таңда қазақ балалар әдебиеті ақсап, тоқырап тұрғаны рас. Бүлдіршіндер мен жеткіншіктердің психологиясын жете меңгерген, ойлау жүйесі мен тілдік ұғымын дөп басып, жырлап, жазып жүрген авторлар өте аз. Жазып жүргендерінің шығармалары кеңінен танымал емес. Кітап дүкендеріне барсақ, орыс және шетел әдебиеті толып тұрады. Мұны да уақытша құбылыс деп пайымдаймын. Балалар ақын-жазушылары нарықтық заманның талаптарына бейімделіп, кітаптарын көптеп шығара бастайды дегенге сенімім мол.

 Әкеңіздің туған жері, ата-тегі және өскен ортасы туралы айта кетсеңіз?

 Жоғырда атап өткенімдей, Жеңіс әкемнің туған жері – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданы. 1942 жылы 4 наурызда Тоқырауын өзенінің жағасында Қызылсеңгір тауының етегінде Қуаныш деген шағын ауылда дүниеге келген. Әкесі Рахметолла сол өңірге белгілі мұғалім болған. Тіпті «Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі» деген медалімен марапатталған. Атамыз өте қағілез, шындықты тура айтатын бетті, сөзі мірдің оғындай, айбарлы кісі болыпты. Інілері Әсет пен Нығметолланы оқытып, жеткізді. Сол еңбегін ақтап кейін Әсет Болғанбаев филология ғылымдарының докторы, профессор атанып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болады. Әсет атамыз қазақтың тұңғыш «Синонимдер сөздігін» жасаған тілші ғалым. Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздгін, «Абай тілі сөздігін» жасағандардың бірі. Атамыз Рахметолла тұңғышы Жеңісті осы Әсет бауырының қолына берген. Жеңіс әкеміз Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі болған 12-мектепте оқыған.

 

Ақын Жеңіс Қашқынов пен ғалым ағасы Әсет Болғанбаев туған-туыстарымен.

Ақтоғай. Ауданның 60 жылдық мерейтойында.

(фотосурет Ернат Қашқыновтың жеке мұрағатынан алынды)

 

Жеңіс әкемнің жары Тамара шешеміздің айтуынша, ақын әкемнің туған жерге деген мейірі еш қанбай кеткен. Жас кезінде алғаш Жазушылар одағына қабылданғанда атамекеніндегі өзеннің «Тоқырауын» атауын өзіне әдеби псевдоним етіп алған. Өзі: «Көкірегімде туған жердің самалы ескен, Бозторғайдың шырылы қала ма естен?! Бүгіндері балаң да биіктеді, Ақсораңның шыңына қарап өскен» немесе «Қызылсеңгір тасында түледім де, Ғашық көзбен қарадым гүл өңірге. Сарыарқаның дауылы, жауыны мен, Тоқырауын күйі бар жүрегімде» деп жырлаған. Ақсораң – Орталық Қазақстандағы ең биік шың. Жеңіс ақынның туған жері, ата-тегі мен өскен ортасын жақынырақ әрі толық білу үшін оның жырларын оқу керек!

 

«Әке көрген оқ жонар», - дейді дана халқымыз. Өзіңіз секілді әкеге деген махабат терең, әке мұрасына адал балалар көп деп ұғынасыз ба? Әлде керісінше ме?

 Қазақта «әруақ» деген терең ұғым бар. Осы сөздің мәнін түйсінген қазақ баласы ата-бабасын, ата-анасын, ұлт үшін қызмет еткен тектілерді ешқашан ұмытпайды. Өлілерді еске алып, рухтарын шат қылып отыру керек. Қазіргі қоғамда теріс ағым өкілдері пайда болып, әруақ ұғымын қате түсіндіру үрдісі, «Аллаға серік қосуды» желеу етіп, ата-бабасынан, текті рухтардан жирендіру, алыстату, құрметсіздік таныту үдерісі белсенді жүріп жатыр. Менің ұғымымда, әруақ – бақилық болғандарды жақсы қасиеттері, өнегелі істері арқылы еске алу, есімдерін ұмытпай, ұмыттырмай заманға сай жаңғыртып отыру. Тамыры қазақтықтан ажырамаған бала жанына жақын Алла Тағаланы ұлықтайды, әруақтарды ұмытпайды.

 Әке мұрасына адал сіздей ұрпақтар көбейе бергей! Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан: Алаш ТҰРСЫНӘЛІ

Сәкен Сейфуллин музейі

Ғылыми-ағарту бөлімінің қызметкері

Жеңіс Қашқынов жайлы шағын сайт http://old-site.karlib.kz/kashkynov/5.html 

Ж.Қашқыновтың шығармалары:

 

Қашқынов Ж. Абай мен ару. // Жыр тәңірі / құраст. Ғ. Қайырбеков ; ред. М. Жұмағалиев. - Алматы : Өнер, 1995. - 103 б.

Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толатын үлкен мерейтой қарсаңында жарық көріп отырған бұл жинақ қазақ ақындарының әр дәуірде жазылған жырларынан, сондай-ақ Алматыда болып өткен республикалық жыр жарысына қатынасқан үлкенді-кішілі ақындар өлеңдерінен сұрыпталып алынып, құрастырылып отыр. Жамбыл, Шәкәрім, Мағжан, Қасым т.б. әйгілі сөз зергерлерінен бастап, бүгінгі күні көзге түсіп жүрген жас дарындар да жинақтан орын алған. 

 

Қашқынов Ж. Ағалар жүрген жолменен //Балалар бағының бағбандары: анықтамалық / құраст. Ш. Күмісбайұлы. - Алматы : Балалар әдебиеті, 2008. - 172

Кітаптың «Балалар бағының бағбандары» аталуда тегіннен тегін емес. Бұл анықтамалық кітапқа қазақ балалар әдебиеті қаламгерлерінің шығармашылық баяны енді. Кітап жас өскіндерге, ұстаздарға, кітапханашыларға, балабақша тәрбиешілеріне, студенттерге, жалпы оқырман қауымға арналған.  

Қашқынов Ж. Атыңнан айналайын атамекен: деректі әңгімелер, толғаулар, портреттер. - Алматы: Жібек жолы, 2002. - 200 б.

Белгілі ақын, қарымды қаламгер, жүйрік журналист, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Жеңіс Қашқынов көп жылдан бері Балқаш пен Қарағанды арасындағы сайын даланы найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған батырлар жайлы зерттеп жазып жүрген жазушының бірі. Бұл кітаптқа бұлбұлдар мен дүлдүлдер, батырлар мен ақындар, Алаш көсемдері, көрнекті ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, майталман еңбек ерлері туралы деректі әңгімелері, толғаулары, портреттері енген. Жазушының Ақтоғай мен Қарқаралы тарихына, Арал мен Балқашты қорғау қоғамдық комитетінің мүшесі болған кезде көтеріп, Балқаштың экологиясына байланысты жазылған материалдарына да орын берілген. Автор осы кітаптың жарыққа шығуына қол үшін беріп, демеуші болған «Алаш» ЖАҚ-ның төрағасы Т.Ж.Мұхамедияровқа шексіз алғысын білдіреді.  

 

Қашқынов Ж. Диқан мерейі: Поэмалар мен өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1983.- 72 б. 

Ж.Қашқыновтың бұл жинағына «Диқан мерейі» атты толғауы енгізілді. Сондай-ақ тың даланың ерлері, халықтар достығы, жастық, махаббат тақырыптарына жазылған өлеңдері бар. 

 

 

Қашқынов Ж. Қазыбек Нұржанов: очерк. - Алматы: Жазушы, 1972. - 24 б.

 

 

Кітапта Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановтың өскен ортасы, балалық, жастық шағы, Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлік өмірі баяндалады. 
 

Қашқынов Ж. Найзатас: Поэмалар мен өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1977.- 72 б.

Ақынның бұл жинағына 1974-1977 жылдарда жазылған поэмалары мен өлеңдері енгізілген. «Бәйшешек» дастанында бір мектепті бітірген қыз бен жігіттің сүйіспендігі, қиындығы мол шопандар өмірі сөз болады. Автордың «Сенім» атты дастаны мен қысқа өлеңдерінде жастардың өмірлері, көңіл-күйлері жырланған.  

 

Қашқынов Ж. Он тоғызыншы биіктік: поэмалар мен өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1988. - 53 б.

Ақын Жеңіс Қашқыновтың бұл жаңа кітабына сүйікті Отан мен туған жердің әсем табиғатын суреттейтін өлеңдері, толғаулары енген. Ал, «Оның бақыт жұлдызы», «Он тоғызыншы биіктік» поэмаларында ел бірлігі, халықтар достастығы сөз болады. 

 

Қашқынов Ж. Соқпақтар: Өлеңдер, толғаулар, балладалар.- Алматы: Жазушы, 1973.- 64 б. 

Жеңіс Қашқыновтың бұл жинағына әр түрлі тақырыптағы өлең, баллада, толғаулары кірген.
Ақын оз уақытындағы жарқын заманды, өзгенрген өңірді, жастарымыздың еңбегі мен махаббатын жырға қосады.
Баллада, толғауларына тақырып етіп ерлікті, адамгершілікті, қажырлы еңбекті алған. Жырлары патриотизм мен оптимизмге, өмірге деген құштарлыққа толы.

Қашқынов Ж. Абылайдың жауға шапқан қос батыры // Азия Транзит. - Қарағанды, 2001 . - №11. - 21-24 б.

Қашқынов Ж. Ағыбай - бөлтірік тоғаны: Шұбартпалы Ағыбай батырдың туғанына - 200 жыл // Орт. Қазақстан. - 2002. - 15 мамыр

Қашқынов Ж. Ақтоғайым - алтыным... // Орт.Қазақстан. - 2006. - 11 ақпан.- 8 б.

Қашқынов Ж. Апайтөс батыр - Жалаңтөс// Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.-N2.-39-42 б.

Қашқынов Ж. Арман асуында: Өлең-очерк // Орт. Қазақстан.- 1967.- 1 қазан

Қашқынов Ж. Арыстардың құт мекені: Ақтоғай ауданының арыстары туралы // Орт. Қазақстан. - 2000. - 17 мамыр

Қашқынов Ж. Атыңнан айналайын, Қарқаралы: Жыр дәптерінен // Орт.Қазақстан. - 2004. - 19 тамыз.- 12 б.

Қашқынов Ж. Ауылдың аптал азаматы: Ауыл - 2003-2005 // Орт.Қазақстан. - 2004. - 21, 24 ақпан.- 6, 4 б.

Қашқынов Ж. Әнім Қарағанды // Орт.Қазақстан. - 2004. - 26 ақпан.- 12 б

Қашқынов Ж. Балаларға базарлық: Жыр дәптерінен // Орт.Қазақстан. - 2003. - 18 желтоқсан.- 5 б.

Қашқынов Ж. Балқашым - қасиетті, киелі көл: жыр дәптерінен // Орт.Қазақстан. - 2005. - 24 қыркүйек.- 10 б.

Қашқынов Ж. Баһадүрдің сом тұлғасы // Орт.Қазақстан. - 2002. - 6 қараша.- 11 б.

Қашқынов Ж. Бұқар баба // Орт.Қазақстан. - 1993. - 15 мамыр

Қашқынов Ж. "Бұл ғасыр менен екі-ақ жас үлкен": Ғабит Мүсіреповтің сөзі// Қазақ әдебиеті.- 2002.- 14 маусым(N24).-5 б.

Қашқынов Ж. Ғабиден аға – ұлағатты дана: Жазушы Ғ.Мұстафиннің туғанына - 100 жыл // Орт.Қазақстан. - 2002. - 12 қазан.- 10 б.

Қашқынов Ж. Дала данышпандары // Қазақ батырлары.- 2003.- желтоқсан(N12).-6 б.

Қашқынов Ж. Егіз шумақтар: Поэзия // Қазақ әдебиеті. - 2003. - 19 желтоқсан.- 11 б.

Қашқынов Ж. Елу ерім: Жыр–байғазы // Орт. Қазақстан.- 1995.- 28 қырк.

Қашқынов Ж. Еңбек торысы: Ғалым-геолог Т.Ақышев туралы// Орт.Қазақстан.- 2000.- 6 қыркүйек

Қашқынов Ж. Еңбектің қара нары: Ауыл жылдары - 2003-2005 // Орт.Қазақстан. - 2004. - 18 мамыр.- 6 б.

Қашқынов Ж. Жұлдызы жол көрсетіп... //Қазақ әдебиеті. – 1992.-13 наур. (№11).- 12 б.

Қашқынов Ж. Қамқор болған әкедей: Ақын Сырбай Мәуленовтің туғанына - 80 жыл // Орт.Қазақстан. - 2002. - 27 қараша.- 11 б.

Қашқынов Ж. Қарақұла қабыланы: Толғау // Орт.Қазақстан. - 2003. - 21 маусым.- 6 б.

Қашқынов Ж. Қарт мекенім - Қарқаралы // Орт.Қазақстан. - 2004. - 19 тамыз.- 7 б.

Қашқынов Ж. Қасиетті, киелі Қарқаралы// Орт.Қазақстан.- 2000.- 8 қаңтар

Қашқынов Ж. Қасымның туған жері - Қызыл Көшен: жыр дәптерінен // Орт.Қазақстан. - 2005. - 20 қаңтар.- 14 б.

Қашқынов Ж. Қасымсың, сол баяғы бір Қасымсың: Қ.Аманжоловтың туғанына-90 жыл // Орт.Қазақстан. - 2001. - 14 шілде

Қашқынов Ж. Қос әулие // Шет шұғыласы. - Ақсу-Аюлы, 2009. - 17 қыркүйек (№ 39).- 4 б.

Қашқынов Ж. Қыс суреттері // Советтік Қарағанды. - 1962. - 16 декабрь (№ 296).- 4 б.

Қашқынов Ж. Не сыбаға тартады жаңа ғасыр?: поэзия // Қазақ әдебиеті. - 2005. - 1 шілде(N26).- 9 б.

Қашқынов Ж. Оның сүрлеу соқпағы: Жазушы С.Сматаев - 60 жаста// Орт.Қазақстан.- 2001.-16 маусым

Қашқынов Ж. Отаным // Советтік Қарағанды. – 1962. - 28 октябрь (№ 257).- 3 б.

Қашқынов Ж. Софының соқпағы: Белгілі жазушы Софы Сматаев 60 жаста // Қазақстан ZAMAN. - 2002. - 20 желтоқсан.- 6 б.

Қашқынов Ж. Табыну: С.Сейфуллиннің туғанына 110 жыл // Орт. Қазақстан. - 2004. - 7 қазан.- 11 б

Қашқынов Ж. Тастанбек: [Дастан]// Орт.Қазақстан.- 2001.-17 қаңтар

Қашқынов Ж. Темеш – Дәмеш: Дастан: /Т.Жүргенов пен Д.Ермековаға ескерткіш/ // Орт.Қазақстан.- 1995.- 14 қаңт.

Қашқынов Ж. Тектіден текті туар: [ Көрнекті ғалым Мүсілім Әмірханұлы Ермеков туралы] // Азия Транзит. - Қарағанды, 2003 . - №8.- 37-39 б.

Қашқынов Ж. Туған жер – Атамекенім: Жыр дәптерінен // Орт.Қазақстан.- 1998.- 3 ақпан

Қашқынов Ж. Туған жерге ту тіктім: өлеңдер// Жұлдыз.- 2002.- N3.-3-4 б.

Қашқынов Ж. Тоқырауын топжарғандары: мұра // Орт.Қазақстан. - 2005. - 24 наурыз.- 10 б.

Қашқынов Ж. Ұлтжанды ақын // Орталық Қазақстан. - 2003. - 23 тамыз.- 8 б.

Қашқынов Ж. Хан Кене, Ер Ағыбай, Батыр Науан: дастан// Қазақстан сарбазы.- 2002.- 12 наурыз.-6 б., Орт.Қазақстан.- 2001.-1 қыркүйек, Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.-N11.-19, 20 б.

Қашқынов Ж. Шайтанкөл, Қасым ақын - егіз ұғым: Жыр дәптерінен// Орт. Қазақстан.- 2002.-5 қаңтар


Келулердің саны: 4098