Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

2014

2014

«БІР ЕЛ — БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ — 2014 г.

 

Елбасымыздың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі Қазақстан қоғамынының рухани тірегіне айналып, патриоттық рух пен биік адамгершілік өнегеге бағытталуы тиіс. Ескі қағидаға сүйенсек — «халық өткенін бағамдамай, болашаққа жылжиалмайды». Сондықтан дәстүр, тарих, мәдениет сияқты рухани құндылықтарға басаназар аудару қажет.

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылуда.

2014 жылы ел болып оқитын кітапты таңдау үшін Ұлттық академиялық кітапханада академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен ұйымдастыру комитетінің отырысында оқырмандардың ең көп дауысын жинаған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның…», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркем туындылары дауысқа салынды. Жабық дауыс беру нәтижесінде Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» және «Басында Үшқараның…» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, жыл кітабы болып таңдалды.

Ұлы Отан соғысынан кейiнгi кезеңде халық құрметiне бөленген жазушы, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көркемсөз зергерi, бөлекше дарын иесi Сайын Мұратбековтың алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған.

Көркемсөз өрнегi ерекше, сұлу сөз иесi, сүйкiмдi шығармалар жазған халық жазушысы Сайын Мұратбеков Алматы облысындағы бұрынғы Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында 1936 жылы, 15-шi қазанда дүниеге келген Сайынды жастайынан атасы Мұратбек бауырына салып, өсiрiп-тәрбиелеген. Өз әкесi Сапарғали Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер.

Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында орны айқын, көркемдік әлемімен баураған жазушының бірі. Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Жазушы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Қазақтың көрнекті қаламгері Сайын Мұратбековтың шығармалары оқырмандарға кеңінен мәлім. «Жусан иісі» повесін кезінде оқырмандар жылы қабылдап, ыстық ықыласын білдірген. Қаламгер әңгімелерінің басты тақырыбы мен көтерген өзекті мәселесі — ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу арқылы кейіпкердің азаматтық табиғи болмысын,адамгершілік позициясын, рухани тазалығын, жан сұлулығын, нәзік құбылыстарын, сан қырлы қайшылықтарын, психологиялық этюдтермен өрнектеу. Осы мақсатта,ауыл адамдарының адалдығын, аңқылдақ, кіршіксіз ақкөңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін, мұңы мен мұратын көркемдейді, күйкі тірлікті мінеп, оқырмандарына ой салады.

 Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты повесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет суреттеледі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік тән. Аянның маңайындағы балаларға айтқан ертегілері адамға ой саларлық құндылығымен ерекше.

Биылғы жыл бойы еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде, сондай-ақ оқу орындарында, әскери бөлімдерде аталған кітап оқылып, халқымыз, жастар жазушы шығармаларымен кеңінен танысатын болады. Сондай-ақ Сайын Мұратбековтың шығармашылығына арналған әр түрлі іс-шаралар өтеді.

Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «жастар өмірінің энциклопедиясы» атанған Сайын Мұратбековтың «Жусан исі», «Басында Үшқараның…» атты шығармаларын қалың оқырмандар арасында насихаттау мақсатында кітап көрмелері, оқырмандар конференциясы, әдеби кештер мен саяхаттар, кітапханалық анонс, әдеби клуб отырыстары, пікірталастар, оқу марафондары және т.б. көптеген мазмұнды әрі қызықты шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Осы шаралар аясында С.Мұратбековтың шығармалары талқыланатын болғандықтан кітапхана ұжымы барлық оқырмандарды, жалпы қала тұрғындары мен қонақтарын бір кісідей Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның…» атты повестерін оқуға, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапхана-бөлімшелерінде өткізілетін шараларға белсене қатысуға шақырады.

  

Сайын Муратбеков шығармалары

http://kazadebiet.kz/literature/%D1%81%D0%B0%D0%B9%D1%8B%D0%BD-%D0%BC%D2%B1%D1%80%D0%B0%D1%82%D0%B1%D0%B5%D0%BA%D0%BE%D0%B2

Сайын Мұратбеков „Қылау„

https://www.youtube.com/watch?v=ZAci_8ItShs

Сайын Мұратбеков туралы сөз

http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=66&CURENT=&ARTICLE=2211

Өмірі мен шығармашылығы

http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%B0%D0%B9%D1%8B%D0%BD_%D0%9° C%D2%B1%D1%80%D0%B0%D1%82%D0%B1%D0%B5%D0%BA%D0%BE%D0%B2

Бала Сайыннан қаламгер Сайынға дейін

http://archive.turkystan.kz/page.php?page_id=35&id=6896

Өмірі мен шығармашылығы

http://bibl.tarmpi.kz/images/stories/download/muratbekovbokei.pdf


Келулердің саны: 9308