Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Рымкеш Жұмаділова

         

      Рымкеш Жұмаділова 1957 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында туған. Аққора, Милыбұлақ деген жерлер. Сол ауылдарға жақын Берікқарада дүниеге келген.

Замана бұлбұлы Күләш Байсейітованың елі - Қарағанды облысы Ақтоғай жерінде екінің бірі әлі күнге Күләшқа еліктеп ән салады.

Бүгінгі «Ақсораң» жобасына енгелі отырған әншіміз - өздеріңіз Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі тыңдайтын опера әншісі Рымкеш Жұмаділова.

Қасиетті құнарлы топырақтың киесі бойына дарыған ақжарқын да жайдары жас қыз өнер деп жолға шыққанда алға қойған арманы биік, шығар шыңы бұлттан да биік еді.

Бала кезінен әжесіне еркелеп өскен ол үш-төрт жасынан-ақ үйге қонақ келсе орындыққа шығып ән салғанды ұнататын. Ондайда қайран әже мақтанып отыратынды. Мектеп жасында да осы әдетін қойған жоқ.

Өнер деп алға ұмтылған қыз әуелі Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка училищесінен дәріс алып, кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында оқуын жалғастырды. Тынбай еңбектенудің арқасында алға қойған мақсатына жетті. Рымкеш Әлжанқызы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өмірінің соңына дейін жемісті еңбек етті.

Әнші 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.Өмір болғаннан кейін қайшылық пен бөгет те жолында кездеспей қоймайтыны хақ. Осының бәріне төзе біліп, өзінің өміршең өнерін зор еңбектің арқасында дамыта білген Рымкеш Жұмаділова консерваторияны бітіре салысымен Күләш Байсейітова атындағы Республикалық ән байқауында және Бакуде өткен Халықаралық Глинка атындағы әншілер конкурсында лауреат атанған.

Рымкештің 2001 жылы «Қазақконцерттің» концерт залында «Аққулы әнім» атты ән кеші болса, 2004 жылы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өткен «Жұлдызды кеш» деп аталатын есеп беру кеші көрерменнің ілтипаты ерекше болды. Әншінің дауыс мүмкіндігіне, қанша биікке шырқаса да ұшқан құстың еркіндігіндей әдемі үнді сол жолы халық тамсана тыңдап, өнеріне бас иді.

2007 жылы «Қазақтың бір қызымын өнер қуған» деген дәл осындай тамаша кеш осы залда өтті. Мен бұл кештің куәгері болдым. Шындығында да қайнар бұлақтың көзіндей ән тиегін ағытқан әнші маңайын өзінің құдіретті үнімен жаулап алды, көрермен сілтідей тынып тыңдап қалғаны да шындық.

Ал Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Туған ел берерім көп менің саған» атты Рымкеш Жұмаділованың жеке шығармашылық кешінде халық залға сыймай кеткенін өз көзімізбен көрдік, куә болдық. Әр көрерменнің сүйіп тыңдайтын әншілері болады десек, Рымкеш Жұмаділованың ән кешіне жарнамасыз-ақ халық ағылып келгені ән құдіреті, дауыс мүмкіндігінің ерекшелігінен болса керек.Оның сахнаға шыққандағы еркіндігі, еркелігі, көз тартар ажары, айнам- көзі, жылы жымиысының бәрі, бәрі кешегі Күләшті еске түсіргендей еді.

Сыбызғыдай сызылған әсем дауыс, әсерлі орындаушылық шеберлік оның бұлбұл үніне тыңдаушысын іңкәр етті. Дауысында даланы дархан бояуы, Сарыарқаның самал желіндей желпіген тазалық бар әдемі әнші қай әнді орындамасын, қай образды ашпасын, үнінен жасандылықты іздесең де таппайсың. Ол шынайы өнерімен тыңдаушысын баурай білетін хас шебер. Оған айғақ, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Ақжүніс, Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абайындағы» -Ажар, Сыдық Мұхамеджановтың «Ақансері-Ақтоқтысындағы» - Ақтоқты, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Сара мен Алтынай, Базарбай Жұманиязовтың «Махамбетіндегі» Зылихасы, Еркеғали Рахмадиевтің «Абылайханындағы» Күлпаш екені даусыз.

Рымкештің Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі берілетін халықтың «Ахау керім», «Гүлдерайым», «Маусымжан», Сегіз серінің «Гауһар тас», Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ шағала», Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әндері қай қазақтың болсын, көңіліне шуақ сыйлайтыны кім-кімге де аян.

Осы өнерінің арқасында Рымкеш Жұмаділова опера ұжымымен Түркия, Қытай, Балтық жағалауларына барып өнер көрсетті. Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен бұрынғы Кеңестер Одағын, сондай-ақ қазақ жерін армансыз аралап, сандуғаштай сайрады, ел құрметіне бөленді.Ол жолдасы Байзақ екеуі екі қызды тәрбиелеп, жақсы білім бере білді. Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады.                                                                 2018 жылы 18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, атақты опера әншісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Рымкеш Әлжанқызы Жұмаділова 61 жасында дүниеден озды..Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваториясын бітірген өнерпаз республикалық ән байқауларында және Баку қаласында өткен халықаралық Глинка атындағы әншілер конкурсында лауреат атанған.35 жыл бойы Абай атындағы Опера және балет театрының жеке солисі болып еңбек етіп, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында – Ажар, Е.Брусиловскийдің «Ер тарғын»операсында- Ақжүніс С.Мұхамеджановтың «Ақан сері- Ақтотысында»- Ақтоты, М.Төлебаевтың «Біржан- Сарасында»- Сара мен Алтынай, Б.Жұманиязовтың «Махамбетінде»-   Зылиха,Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» операсында- Күлпаш секілді басқа да басты рөлдерді сомдады.Былтырғы жылы 60 жасқа толған мерейтойына орай «Әнім мені алысқа жетелейді»атты жеке шығармашылық концертін өткізген болатын.Рымкеш Әлжанқызының жарқын бейнесі мен өнеріне қызметі қазақ халқының жадында мәңгі сақталады.

                  


Келулердің саны: 150