Жақып Ақбаев (25 қазан 1876 жыл – 4 шілде 1934 жыл) — Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі.
Ұлы жүздің Қаңлы руының Қара-Қаңлы бұтағынан шыққан.
1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған.[2] 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда 7 жыл, онан кейін Томск гимназиясына ауысып онда бір жыл оқып, 1898 жылы бітіріп шығады да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады. ЖОО-да оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Адамның есте ұстау қабілеті мен фактілерді екшелеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және Санкт-Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш те жазады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейтіп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды. ЖОО бітірісімен Омбы сот палатасына қызметке тұрады. 1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады.
1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауына қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен Қарқаралы уезінің 42 қазақ өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осындай митингі, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді. 1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен жиында ол тағы да жалынды сөз сөйлейді. Патшаның жергілікті әкімшілігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп 1906 жылғы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Міне, осы кезден бастап Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады. Жетісу облысының Қапал уезіне 2 жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады. Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.
Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мерзімін қысқартып, не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы, сенатор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғаш тауып, жариялаған белгілі ақбаевтанушы-ғалым, М.Құл-Мұхаммед) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелер көтерілген. Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де қатысады. 1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақтық съезде Құрылтай жиналысқа депутаттыққа ұсынылып, ал Желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде елдік, алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады.
Кеңес өкіметі орнаған соң ол Семей губревкомының заң бөлімінде жұмыс істеп, оның «етене араласуымен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері құрылады». Біраз уақыт Семей кеңестік халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде және Семейде әр түрлі қызметтер атқарады. Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылып, 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болады.
Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері Ахмет Байтұрсынұлы және Ж. Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Абай аулымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927) тағы басқа ғылыми зерттеулері Абайдың қарасөздері мен «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» шығармаларымен үндеседі. Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде Әуезовпен таныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған.
Жақып Ақбаев (1876 ж., 7.11 Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылы (кей деректерде №4) Төңіректас -1934 ж. Алматы) – Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, қазақтың тұңғыш құқық магистрі. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектеп-интернатына қабылданады. Омбы және Томск гимназияларын бітірген. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітіріп, қазақтың тұңғыш “право магистрі” деген атақты иеленеді. 1903-1905 жылы Омбы сот палатасында, округтык сотта қызмет етеді. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі төңкеріс саяси белсенділігіне қозғау салып, митингілерге және жиналыстарға қатысып, сөз сөйлейді. Омбыдағы, Петропавлдағы, Семейдегі, Павлодардағы, Баянауыл мен Қарқаралыдағы наразылық шерулеріне қатысып, отаршылдық жүйеге қарсы күрес жүргізе жүріп, Омбыда шығатын “Степной край” газетіне мақалаларын жариялайды. 1905 жылы шілдеде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде “Алаш” көсемдерінің бастамасымен өткен қазақ сиезінде Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен бірге шаруаларды көшіріп әкетуді тоқтату, қазақтардың діни басқармасын ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Думаға шақыру жөніндегі талаптар қойылып, қоныстандыру саясатының озбырлығы айтылған, отаршылдық езгіге қарсы наразылықтағы 145 мың адамның қолы қойылған “Қарқаралы петициясын” ұйымдастырады. Ол туралы жазушы М.Әуезов: «1905 жылы Қарқаралыда Ақаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқы атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған сөздер: бірінші жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Петицияны тілек қылған ірі мәселелер осы» – деп жазады.
1907-1927 жылы Семей, Сырдария, округтік губерниялық соттарында лауазымды қызметтер атқарып, еліне адал қызмет етуге бар күш-қайратын жұмсаған ол қоғамдық саяси жұмыстарды ұйымдастырушыларының алдыңғы қатарында болды. 1907 жылдан Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болып, далалы өлкені ғылымның сан-саласына зерттеу ісіне өз үлесін қосқан алғашқы қазақ зиялыларының қатарында Ж.Ақбаевтың есімі де құрметпен аталады. Патшаның жергілікті әкімшілігі қайраткерді «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деген айыппен, 1906 жылдың 11 қаңтарында тұтқындап, Семей түрмесіне қамайды. Ж.Ақбаев түрмеде отырып, Санкт-Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкийге бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия алу мәселесі жөнінде хат жолдайды. Ғылыми диссертациялық шығармашылық жұмысын Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі ретінде «Запискилерінің…» 1907 жылғы 3-ші басылымына “Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов” деген атпен жариялайды.
Айдауда жүрсе де саяси күресін әсте тоқтатпаған Ақбаев бүркеншік атпен “Айқап” журналына мақалаларын жолдап, жариялатып отырған.
1917 жылы «Алаш» партиясын, “Алашорда” үкіметін ұйымдастырушы қайраткерлердің қатарында және осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақтық сиезге қатысып, оның басшы құрамында болады. 5-13 желтоқсанда өткен Орынбордағы 2-бүкілқазақ сиезінде “Алашорда” үкіметінің мүшелігіне еніп, онда 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді. Сондай-ақ, үш алаш полкін құруға басшылық жасайды, олардың екеуі Семейде, үшіншісі Торғайда орналасады.
Ғалым ретінде мемлекеттік құрылысты белгілеуде, Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда Ж.Ақбаев басты рөл атқарды. 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарды. Ол қазақ халқының тәуелсіз ел болуы үшін күресті, сондықтан да, Ресейдегі төрт өкімет: патшалық (1905-17), Уақытша үкімет (1917), Колчак (1918-19) және Кеңестер (1920-34) тарапынан үздіксіз қуғын-сүргін көрді. Қарқаралы, Семей, Омбы, Алматы түрмелеріне қамалып, әлденеше рет (1908, 1910, 1929) жер аударылады.
Ақбаев тәуелсіздікке бейбіт жолмен, заңды, конституциялық жолмен жетуді көздеп, сол үшін күресті. Алаш автономиясын сақтап қалу мақсатында ақ казактарға қарсы қарулы көтеріліске басшылық жасағаны үшін Колчактың әскери-дала соты 1919 жылдың 7 шілдесінде “әскери-казак диктатурасын құлатып, Совет өкіметін орнату үшін халықты көтеріліске шақырды, атамандардың жауы” деген айыппен ату жазасына кеседі. Дегенмен, 1919 жылы ақ казактар толық жеңіліске ұшырап, Қазақстан арқылы Қытайға қаша бастайды. Корпус командирі Березовский мен Сібір үкіметінің төрғасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша аталмыш үкім күшін жойып, Ж.Ақбаев қамаудан босатылады.
1920 жылдың қыркүйегінен Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық жасап, губерниялық сот-тергеу учаскесін құрады. 1920 жылдың сәуір айынан Семей кеңестік халық сотының мүшесі болып, 1921-1922 ж. халық ағарту бөлімінде қазақ ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болады. 1925 жылы Семей губерниялық атқару комитетінде, халық сотында түрлі қызметтермен айналысады. 1926-1927 жж. Семей губерниялық соты жанындағы адвокаттар алқасы мүшесінің міндетін атқарады. 1927 жылы 23 қаңтарда Семей техникумында ғылыми конференция өткізіліп, Ақбаев географиялық қоғамның мүшесі ретінде қазақтардың шығу тегі туралы көлемді баяндама жасады. «Қазақтардың шығу тегі» туралы еңбегінде қазақ мемлекетінің саяси және құқықтық жақтарын көрсетуге тырысып, қазақ мемлекетінің пайда болуы, қалыптасуы, даму және ыдырау тарихын зерттеген. Бұл ғалымның соңғы еңбектерінің бірі.
1928 жылы Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында Ж.Ақбаев елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосында тұрып, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Елден жырақта болса да, 1930 ж. 14-қыркүйекте ОГПУ (Біріккен Меммлекеттік саяси Басқарма) жендеттері Кеңес үкіметіне, Коммунистік жүйеге жүргізген қарсы әрекеті, Алашордашы болғаны үшін Ж.Ақбаевты тұтқындап, абақтыға қамайды. 1932 жылдың сәуір айында Воронеж облысына 5 жылға жер аударылады. Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Қазақтардың отбасы-неке құқығын зерттеп, мерзімді баспасөзде публицистикалық материалдар жариялаған, сан алуан талант иесі, энциклопедиялық білімі бар ғалым 1934 жылы 4 шілдеде өмірден өтеді.
Ж.Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпанындағы шешімімен толық ақталды. Қарағандыдағы әділеттілік алаңына және Ақтоғай ауданында көше атына есімі берілді. 1998 жылы алаштың үш арысы Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековке ескерткіш орнатылды.
Жақып Ақбаевтың жары – Гүлбахор Ақбаева (Гүлбіш)
Университетті алтын медальмен тәмамдап, «Право магистрі» деген ғылыми аттаққа ие болған Жақып Ақбаев 1903 жылы елге оралады. «Елге оралған соң ата-анасы, жора-жолдастары «үйлен» деп, оқыған, мәдениетті, сымбатты жігітке өзіне лайық жар таңдатады. Таңдау сол кезде Қарқаралыдағы ауқатты татар байларының бірі Халиолла Бекметовтың бойжетіп отырған сұлу қызы Гүлбахорға түседі. Әкесі арқылы Халиолла байға кісі жіберіп, сұрау салады. Болашақ қайын атасы қызы көнсе, өзінің қазақ байымен құда болуға қарсы еместігін білдіреді. Мұны естіген Жақыпты бұрын көрмеген қаланың ерке сұлуы «қазаққа бармаймын» деп қиғылық салыпты. Осы кезде үйге Халиолла байдың рұқсатымен үстіне су жаңа фрак киіп, алтын пенснесін жалтылдатып Жақып келеді. Жігітті көріп, жүрегі орнына түскен қыз әуелгі райынан қайтып келісімін береді» деп жазады өз естелігінде Жақыптың үлкен қызы Аргуния апай.
Жақып Ақбаевтың ұрпақтары
Жақып Ақбаевтың ұлдары Кәмілмұрат (1910-1960) пен Кәмілшат (1916-1976) жас кездерінде қуғын-сүргінді көп көріп, жазықсыз жапаға ұшырайды. Сондықтан олар алаңсыз ғылыми жұмыстармен айналыса алмаған. Қанқұйлы репрессия кезінде қорқытып-үркіту, үздіксіз тексеріс пен тергеуден әбден ығыр болған олар 1941 жылы соғыс басталысымен алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Соғыстан аман-сау оралысымен өмірлерінің соңына дейін мұғалімдік қызмет атқарады.
Жақып Ақбваевтың қыздары да әке жолын қуып, бүкіл ғұмырларын ғылымға арнады.
Аргуния Ақбаева – Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітіріп, 1961 жылы химия ғылымының кандидаты атағын алған. Кейін Қыздар педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет еткен.
Наймания Ақбаева – Қазақ педагогикалық институтын тәмәмдап, 1970 жылы филология ғылымының кандидаты, 1976 жылы доцент атанған.
Андромедия Ақбаева – Москва мемлекеттік университетін бітіріп, 1967 жылы биология ғылымының кандидаты атағын алған.
Аспазия Ақбаева – Алматы заң институтының түлегі, КСРО заң ғылымдарының докторы, Қазақ заңдары туралы монографияның авторы, қазақтың алғашқы заңгер – ғалым қыздарының бірі, әке есімін ақтауға зор еңбек сіңірген.
90 жылы Жақып Ақбаевтың қызы Аргунья Жақыпқызы келіні Сенат депутаты Бірғаным Әйтімовамен бірлесіп әкелерін ақтау туралы көп ізденген. Ізденіс нәтижесінде отбасы әкелерінің қайтыс болғаннан кейін 1958 жылы ақталғанын біледі. Жақып Ақбаевтың балалары ұзақ жылдар бойы бұл фактіні білмеген, олар әкелерінің мүлдем ұмытылып, қатты жазаланып, басқа арыстармен бірге ақталмағаны үшін жылдар бойы азап шегіп жүрген. Ақталғаннан кейін Жақып Ақбаевтың ұрпақтары әкелерінің есімінің өз Отанының бостандығы үшін қасиетті күреске өмірлерін берген ұлы адамдармен бір қатарда тұрғанын мақтан етеді.
Әдебиеттер тізімі:
Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Әнес Ғ., Смағұлова С. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.25-26.
Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.22-23.
Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Алматы: «Таймас» баспасы, 2013. – Б.13-44.
Жириндинова Қ. Ж.Ақбаевтың саяси-құқықтыық көзқарастары. – Өскемен: «С.Аманжолов атындағы ШҚМУ», 2013. – Б.194-201.
Құлмұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: «Атамұра», 1998. – 360 б.
Абдрахманова Ж. Жақып Ақбаев – білікті заңгер // Заң. – 2012. – № 8. – Б.34-35.
Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары // Абай. – 2004. – № 1. – Б.61-64
Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі // География және табиғат. – 2004. – № 3; 4; 5;
Жакенов Д. Қарқаралыда білім алған Алаш арыстары // Шәкәрім. – 2014. – № 4. – Б.65-67
Темірбай А. Жақып Ақбаевтың дипломы табылды // Егемен Қазақстан. – 2003. – 16 желтоқсан. – Б.6
Интернет ресурстары
https://nomad.su/?a=15-201203190014
Келулердің саны: 787
Қазақстан туған елім,ұлы өлкем
25 қазан Республика күніне орай, Ақтоғай аудандық кітапхана оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен "Қазақстан туған елім,ұлы өлкем"…
Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан
Мәдениет үйінде Республика күніне орай өткен салтанатты шарада аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен "Мәңгілік жаса, қыран елім…
Бүгін 24 — ші қазан кітапханашылар күні!
Бүгін 24 — ші қазан кітапханашылар күні! Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің…
Жылдың үздік кітапханашысы-2024
24- қазан кітапханашылар күніне орай "Жылдың үздік кітапханашысы-2024" аудандық байқауы өтті. Ашылу кезеңі Шашубай,Айыртас, Шабанбай,…
Жылдың үздік кітапханашысы-2024" аудандық байқауының жеңімпаздары
Үздік кітапханашы - Құлпейісова Жазира, Үздік жоба иегері - Сағындықова Нұршат, Үздік буктрейлер номинациясы бойынша Кенжебаева…
Гюго .В. Аласталғандар
Гюго .В. Аласталғандар/В Гюго ,ауд. ЗӘбдешов.-Нұр-сұлтан.Фолиант. 1-том. Роман .2020.-736 б. Француздың ұлы жазушысы В Гюгоның кең ауқымды…
Гюго В. Аласталғандар
Гюго В. Аласталғандар/ Виктор Гюго , ауд. С Абдрахманов. – Нұр-Сұлтан. Фолиант, 2- том.2021.-672 б. Француз жазушысы Виктор Гюгоның…
Мұқанов Сәбит . Аққан жұлдыз
Мұқанов Сәбит . Аққан жұлдыз . роман/С Мұқанов.- Нұр- Сұлтан. Фолиант, 1-кітап.- 2021.-448 б. С…
Диккенс Чарльз. Үміт құшағында
Диккенс Чарльз. Үміт құшағында . роман/Ч Диккенс , ауд. Г .Исмағұлова.-Астана. Фолиант, 2023.-488 б. Ағылшын жазушысы Чарльз Дикеннстің…
Кэрол Дуэк. Ойлау . Табысқа жетудің жаңа психологиясы.
Кэрол Дуэк. Ойлау . Табысқа жетудің жаңа психологиясы. Алматы. «Мазмұндама» қоғамдық қоры,2021.-260 б. Ғұмырыңыз мәнді, мағыналы…