Жоғары
Нашар көретiндер үшiн

Нүркен Әбдіров

1919 жылы Қарқаралы өңірінде (қазіргі Нүркен ауылы) дүниеге келген Нүркен Қарағанды облыстық прокуратурада қызмет атқара жүріп, әуе клубында ұшқыш мамандығына ие болып, 1940 жылы әскер қатарына шақырылды. Қазанның 23-і күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында «Егер біз фашисттерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты , бақытты өмірмен қоштасамыз» деген Нүркен 16 рет әуеге көтерліп фашистердің 12 танкісін, 28 жүк тиелген әскери көлгін, 18 керуенді және 3 жанармай цистернасын, 3 жау атыс ұяларын жойған. 1942 жылы желтоқсанның 19-да ақырғы сапарында Нүркен Әбдіров және серігі атқыш радист Александр Комиссаров екеуі Боков-Пономаревка станциясы маңайында жаудың 6 танкісін, 3 атыс ұяларын көптеген әскерлерін жойып жіберді. Ұшаққа жау оғы тиіп өртене бастағанда Нүркен ұшақты фашист танкілері шоғырланған бетке қарай бұрды. Осылай екеуі құлаған жерде қаншама жауды қырып ала кетті.

1935 жылы Жамбыл атын­­дағы 7 жылдық мек­тепті бітір­геннен кейін 18-шахтаның кі­тапха­насына қыз­метке орнала­сады. Сонда қызмет атқара жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапха­на қызметкерлерін даярлайтын тех­ни­кумын бітіреді. Одан ке­йін­гі жылдары «Қазақ кітап сау­да­сы» мекемесінің Қарағанды бөлім­шесінде есепші болып қызмет істеп жүргенде, заң орындарының ша­қы­руымен, 1938-1939 жылдары аудандық, облыстық прокуратурада тергеуші болып қызмет ат­қарады. 1939 жылы Қа­рағанды ұшқыш­тар клубының оқуын бітіріп, запастағы ұшқыш атанады.

1940 жылы Нұркен Әб­ді­­­ров әскер қатарына шақы­ры­лып, Орынбордағы ұш­қыш­тар учи­­лищесіне оқуға жібе­ріледі. Ол ұшқыштар даярлай­тын оқу орнында әскери ұшақ­тарды бас­қаруды үйренді.

Соғыс басталғанда Нұркен Таш­­кент­тегі әуе атқыштары кур­сына жіберіледі де, оны бітір­геннен кейін Сібірдегі қалалар­дың біріне шабуылшы-ұшқыш маманды­ғын меңгеруге аттанды. Сөйтіп ол 267-ұш­қыштар ди­визиясының 808-шабуылшы пол­кіне қосылып, майданға атта­нады. Нұр­кен «ИЛ-2» шабуылдаушы ұшағымен айқас­қа кіреді. 16 рет аспанға көтерілген Нұркен Әбдіров жаудың 12 тан­кісін, 28 жүк машинасын, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, 3 жанармай цис­тернасын, үш қару ұясын тал­қандайды. 1942 жылы 19 жел­тоқ­санда өзінің серігі атқыш, бай­ланысшы А.Комиссаровпен соғыс аспанына 17-рет, яғни соңғы рет самғап шыққан еді. Олар Бо­ков-Пономаревка ауданында­ғы жаудың шоғырланған күшін жою­ға тапсырма алады. Өзінің осы соңғы шайқасында он алты танкті, зенит артиллериясының екі ұясын, көптеген жау сарбазын жояды. Жау зеңбірек­тері де Нұр­кенді үздіксіз атқылаумен болады. Ақырында Нұркеннің ұшағы лаулап жана бастайды. Се­кіріп-ақ кетуге болатын еді, бірақ Нұркен бұл ойдан аулақ бол­ды. «Жаралы қыранын» неміс тех­никасының шоғырланған жеріне қа­рай ба­ғыттады. Ұшақтағы өзінің экипа­жымен, лапылдаған жалын құ­шағына, жау танктерінің қалың ортасына сүңгіп кете барды. Өзі де мерт болды, дұшпанды да зор шы­ғынға ұшыратты.

Батырдың ақтық сөзін екінші ұшқышы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ол алматылық жерлесі Алексей Писанко еді. Ақтық сөзі: «Қош бол, Леша, Отанға де­ген ме­нің жалынды сәлемімді жеткіз. Қа­рағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!». Міне, нағыз батыр осылай депті.

Батыр Рос­тов облысындағы Боков стансасы маңын­дағы Конь­ки де­ген хутордың іргесіне, ба­уырластар з­иратына жерленген. Алпысыншы жылдардың мұғ­да­рында бауырластар зира­ты­ның басына қы­зыл граниттен ес­керткіш қойылған. Ес­керт­кіш­­тің қабырғасындағы тақтада мы­­нан­дай жазу жазылған: «Бұл жер­де Ке­ңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров пен атқыш-радист Алек­сандр Комиссаров жерленген».

Нұркен Әбдіровке неміс бас­қыншы­ла­рына қарсы соғыста көр­сеткен ерлігі үшін Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағы бе­рілді. 1958 жылы Қарағандының жас­та­ры қа­ражат жинап, Нұркен Әб­ді­ровке ескерткіш тұрғызды. Кен­ші­лер ас­танасында кең де көр­кем көшенің бірі, спорт комби­наты даңқты жер­лесіміз Нұр­кен­нің атын алды. Ұшқыш­тың тең­десі жоқ ер­лігі запастағы подпол­ковник, бір кезде Нұркен­нің сүйік­ті ұстазы болған Г.Яки­мов­тың кітабына арқау болды. Осы кі­тап­тың желісімен «Қа­зақ теле­фильм» студия­сы деректі кино түсірді.

Ақтоғай селосы орта­лығында бір көше батыр есімімен аталса, Нұр­кен селосы орталығындағы мек­тепке батырдың аты берілген, мек­тепте мұражай үйі ашылған. 2019 жылы батырдың 100 жыл­дығы Қарағанды об­лысы көле­мінде аталып өтіліп, Ақ­тоғай село­сындағы Ба­тырлар саябағында қы­зыл граниттен ескерткіш ор­на­тыл­ды. Әр жыл сайын батырды еске түсіру мақ­сатында әртүрлі спорт­тық және мәдени шаралар өткізу жалғасын тауып келеді.

 


Келулердің саны: 13